Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилердің бәрі бірдей болғанымен, олардың маңдайына жазылған тағдыр әртүрлі де әрқилы.
Тағдыр тауқыметін тумай тартып, өз аналары өмірлеріне қол сұққаннан шетінеп кетіп жатқан сәбилер әруағынан бастап, тастанды, жетім деген қара зілдей атауға амалсыз телініп, өмір сүріп жүрген жандардың ащы шындығын ақтарыла сөйлететін қойылым қай адамға болмасын ой салмауы мүмкін емес. Зары мен мұңы әнмен көмкерілген «Жазығым не менің, мама?!» атты драмалық мюзиклдың негізгі жүгі де – қоғамның ауыр тауқыметі. Бұрын-соңды еліміздің өзге өңірінде де қойылған бұл спектакль Алдымен Тасболат Омаровтың режиссерлігімен өнер колледжінің студенттері ойнап, сахналаған. Кейіннен Алматы қаласында қойылады. Айна-қатесіз, Түпқараған ауданының өнер сүйер қауымына ұсынылған бұл қойылымды Түпқараған аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған драма ұжымы өнерпаздары аудан тұрғындарына ұсынды. Басты кейіпкерлері мейірімге зәру балалар екенін тақырыбы айтып тұрған қойылым режиссері – белсенді жас Наурызбек Мағдатов. Қоғамда белең алып отырған отбасы трагедиясы мен алданған қыздар тағдыры, басқа да тұсау болған бейкүнә бала тағдыры суреттелетін бұл қойылымнан бұрын қойылымдар көпшілік назарына ұсынып, көзге түсіп жүр. Туылмаған баланың хаты мен туылған тастандының тағдыры, тірі жетімнің мұңы мен тұл жетімнің зары арқау болған қойылым режиссурасы белгілі бір сюжеттің желісімен жүріп отырмайды. Монологпен өрілген қойылым ойға батырып, көзге жас үйіртеді. Көкек анасы көп қоғамның бала алдындағы жауапкершілік жүгінің тым жеңіл екенін жүрек ауыртар көріністен көріп қамығасың. Қоғам дертіне айналған мәселе көрермен көпшілікке ұсынылып отыр. Түпқараған ауданының кәсіпқой емес, әуесқой жастары рөлдерді сомдаған бұл қойылымға көрермен қарасы да жақсы жиналды. Аталмыш қойылымды жастар ауданға қарасты ауылдарды аралап, ұсынып шықты.
Сахнада қойылым мазмұнын жүректен өткізіп, көрерменге қоғамдағы ащы шындықты жеткізе білген әуесқой әртістер ішінде Ринат, ГауҺар сынды жастарды ерекше атап кетуге болады. Аудандағы сахнада өзекті тақырыпты сахналаған жас режиссер Наурызбек Мағдатов:
- Бұл қойылымды өздеріңіз көріп отырғандай Түпқараған ауданының жастарынан құрылған драма ұжымы ұсынып отыр. Бір қуантатыны – бұндай фактілер біздің ауданда тіркелмеген. Алайда алдын алу үшін, жасөспірімдер мен жастарды өмірдегі жауапкершілік жүгін сезіндіру үшін көрсеттік. Ғаламторды ашсақ, күнде бір тастандының тағдыры сөз болып жататынына алаңдап, әдейілеп ұсынып отырмыз. Мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған драма ұжымының жұмыс жоспарында әлі де көрермендерге тартулары болады. Бәрі – уақыт еншісінде. Қандай істі алсақ та, қолдаушы мен демеуші табылып жатса, ол – нәтижелі болмақ. Біз жастармен біріп, көрермендерге әлі талай тарту жасаймыз, - дейді.
Ауданымыздың өнер саласындағы осындай оң өзгерістер жастарды тәрбиелеуде септік болары сөзсіз. Ауданда кенже қалып келе жатқан драма ұжымының жұмысын мәдениеттің майталманы Амантай Мұханов қолға алған кезде сезініп, бір қуанған едік. Енді, міне, артынан ерген шәкірті, мәдениеттің жас қызметкері Наурызбек сынды жастар осы игі істің тізгінін алып, тағы қуантып отыр. Біз көрермен ретінде ой салатын, тәрбиелік мәні бар дүниелермен қатар комедия жанрындағы шығармаларды аудан сахнасынан көрсек дейміз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН