Кеше Түрікменстан Республикасынан 256 қандасымыз «Түрікмендемиреллары» мемлекеттік агенттігі арқылы «Түрікменбашы-Болашақ-Жаңаөзен» бағыты бойынша Қазақстанға көшіп келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл биылдыққа түркімен жерінен атажұртқа ат басын бұрған көштің екінші керуені.
Арнайы пойыз 12 мамырда «Түрікменбашы» станциясынан шығып бүгін сағат 12:00-де «Болашақ», одан әрі «Жаңаөзен» станциясына келіп тоқтады.
Тарихи Отанына көшуге ниет білдірген қандастарымыз COVID-19 індетіне қатысты тиісті ПТР тестілеуден өткен. Анықтамалары бар.
Станциядан қандастарымызды туыстары мен достары күтіп алды. Олар алдағы уақытта өздерінің қалауы бойынша еліміздің кез келген өңіріне қоныстана алады. Солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда арнайы өңірлік квоталармен қамтылатын болады. Ал, туыстары жоқ көшіп келушілер уақытша Ақтау қаласындағы жатақханаға орналастырылады.