ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Педагогикалық білім беру Халықаралық Академиясының, Қазақстан педагогикалық академиясының, Ресей педагогикалық академияларының академигі 1941 жылы Құрық кентінде дүниеге келген Өмірзақ Озғанбаев биыл маусым айында 80 жасқа толғалы отыр.
Ол Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның тұңғыш сенаторы, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы, ҚР Ұлттық Білім академиясының президенті, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Түрікменстан, Қазақстан, КСРО-ның Білім беру саласының үздігі. Білім беру саласының Құрметті азаматы, АҚШ-тың Техас штатының, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, Қарақия ауданының Құрметті азаматы.
Академик, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Өмірзақ Озғанбаев ел алдындағы еңбегі үшін Отанымыздың «Барыс», «Құрмет», «Парасат», ТМД елдерінің «Содружество», Дүниежүзілік халықаралық қауымдастықтың жоғары наградаларымен марапатталды.
Егемен еліміздің жоғын іздеп, тарихын түгендеген Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев секілді ғалымдар шоғырының қатарында тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбай да бар. Ұстаздық жолын ғылыммен ұштастыруға ұмтылған Өмекең 1982 жылы Мәскеу қаласында педагогика ғылымының кандидаты, қазақ халқынан Ресей Думасына сайланған депутаттар туралы монография үшін тарих ғылымдарының докторы атанды. Әлихан Бөкейханов, Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Бақтыгерей Құлманұлы, Бақытжан Қаратаев, Молда Тойынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Дәуіт Ноян-Тұндыт, Сәлімгерей Жантөрин, Темірғали Нұрекен, Тілеулі Алдабергенұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы сияқты тұлғалардың есімін жаңғыртып, «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» кітабын жариялады.
«Өмірзақ – қазақ әдебиетінің келісті көсем сөздерінің, шешен сөздерінің жарастықты да жалыны мол жолдарының небір құнарлысын бойына сіңірген ақынжанды азамат. Сөйлесе, жазса, тебіреніп, толғанып, ақтарылып, ағындап кететіні де сондықтан. Ол – әдебиет пен мәдениеттің нағыз жанкүйері» деген болатын Қабиболла Сыдиықов. «Дәуір бел-белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Қара нар керек бұл іске», «Атамекен хикаялары», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», «Там, где восходит солнце», «Дорога в будущее», «Көкжиек», «Тоғысқан тағдырлар түбегі», «Рух күрескері. Духоборец», «Жантануға кіріспе», «Келбет», «Адай көтерілісі» т. б. тағылымы терең еңбектері Өмекеңнің қаламгерлік қарымын көрсетсе керек.
Еркін сұхбат барысында ол біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға да жауап беріп отырды. Қазіргі қоғамның бір індеті – сыбайлас-жемқорлық туралы: «Жебір адам, сыбайлас-жемқорлыққа белшесінен батқан заман келді. Бұл мәселе бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша алдыңғы орындардың біріне енді. Қырғыздарда «Билік келмей - байлық келмес» деген сөзі бар екен. Билікке қол жеткізген жастардың көбісі жемқорлықтың шырмауына түсіп қалып жатады. Бұның көбеюі жазаның жеңілдігінен болуы мүмкін. Тәртіп қолға алынса, жөнделмейтін ештеңе жоқ. Мысалы араб елдерінде дінмен тәрбиелеген, басқа елдерде өлім жазасына кесіп жазалаған.
Жалпы дін – адамзаттың ең үлкен өркениет құралы, дұрыс пайдаланса, тәрбиелік мүмкіндігі мол. Мұсылман дінінің ең алғашқы насихаттаушысы – Мұхаммед пайғамбар. Қазір ислам дінінің 1400 жыл тарихы бар. Содан бері бір нүктесі, үтірі өзгермей келе жатқан кітап – Құран. Миллиард жарым адам ислам дінін ұстанады. Егер оның құдіреті күшті болмаса, ақиқат болмаса, оған мұнша адам бас иіп, сиынбас еді. Майкл Харт деген ғалым «Тарихтағы ең беделді 100 адам» деген кітап жазып, ең бірінші орынға Мұхаммед пайғамбарды лайықты деп тапқан. Өйткені ол дін мен мемлекеттің басында тұрған, негізін салған одан өзге адам таппаған. Қазір сол дінді бұрмалаушылар, түрлі ағымға ерушілер пайда болды» дейді Өмекең. Қайраткер ұстаз жасы ұлғайған шақта бір Аллаға бас ұрып, иман шарттарын орындауды мақсат тұтып, Меккеге сапарлап, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әкесінің атынан қажылық парызын өтеген жан.
Қазіргі жаһандану үдерісіне үстірт ілескен қазақ қоғамының бір дерті – аралас некенің көбеюі. Біз кездесу барысында осы мәселе туралы да ой қозғадық. «Болашақ» бағдарламасымен оқыған орыстілді, ағылшынтілді жастарымыздың бірқатары шетелдіктермен отбасын құрып, дамыған, әл-ауқаты жақсы елдерде қалып қойып жатыр. Ірі өндіріс маңында шоғырланған жастар бір-бірімен тіл табысып, аралас некелер пайда болып жатыр. Арабтарда: «бала әке-шешеге тартып тумайды, заманына тартып туады» деген сөз бар екен. Қазақ қыздары, әсіресе ауылдан келген қазақтың қара көздері жалақысы көп, жағдайы жақсы шетел азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Мәселені тоқтату қиын, бірақ қиын екен деп қол қусырып отыруға болмайды. Оны тоқтатудың бір жолы – ұлттық ата салт-дәстүрді насихаттау. Кішкентайынан құлағына сіңіру. Ұлттық мәдениетті, тарихты, әдет-ғұрыпты кең көлемде насихаттау керек. Басқа ұлтпен тұрмыс құрып, елден жырақтаған қыздардың елге қайтып келіп жатқаны да бар. Елге жете алмай, жылап, еңіреп жүргені қаншама? Бұның бәрі жаһанданудың әсері. Уақыттың ерекшелігі. Бұл да қазақ қоғамындағы бір үлкен мәселе» деді ақсақал.
«Азаматтық ұстанымы мықты, заманының адамы қандай болуы керек? Өзіңіз осы тұрғыда мақсатыңызға жеттіңіз бе?» деген сұраққа: «Адамнан адамның ақылы артық, білімі артық! Италияның 5 жыл президенті, 45 жыл Парламентінің мүшесі болған Оскар Луйджи Скальфаромен жолдас болдым. Сол кісі «Дүниеде мен сыйлайтын екі мамандық бар бірі – ұстаз, екіншісі – парламент мүшесі» деген еді. Маған соның екеуін де атқару бақыты бұйырды. Менің елдің ертеңіне білім беріп, болашағын тәрбиелейтін педагогтік өтілім 63 жыл! Пионер вожатыйдан бастап, академияның президенті лауазымына дейін атқардым. Бұл салада атқармаған қызметім – мектепке дейінгі тәрбие, яғни балабақша екен. Білім беру саласында еңбек етуім – бақытым деп санаймын!
Дүниежүзінің отыздан астам елінде болдым. Вашингтонда - Капитолийде, Кубада - Гаванада, Лондонда, Мадридте, Парижде, Стамбулда, Тегеранда, Токиода т.б елдерде қазақ елінің атынан сөз сөйлеп, түрлі кеңес-жиындарға қатыстым. Бұл да өмірімнің ерекше сәттері деп есептеймін. Дүниежүзіндегі 3 ірі ғылыми орталықта болдым. Олар – Мәскеудің ВИЛ (В.И.Ленин), қазір Ресейдің ұлттық кітапханасы. Кандидаттығымды Мәскеуде қорғауыма байланысты сол кітапханада біраз болдым. Англияда – «Британ музейін» араладым. Ағылшындар өздері отарлаған елдердің керемет жәдігерлерін осы мұражайда жинақтаған екен. Онда биіктігі 2 қабатты үйдің биіктігіндей тас ескерткіштер тұр. Сол музейде «Британика» т.б көптеген кітап қоры жинақталған орын бар. Үшінші – АҚШ-тың орталығы Вашингтонда «Конгресс» кітапханасын көрдім. Бұл тұтас бір кварталды алып тұрған орталық. Тәуелсіздік алған соң, Алаш көсемдерінің мұраларын іздегенде олардың кейбір еңбектері осы кітапханадан табылған. Мен сол кітапханада болып, өзімнің 5 кітабымды тапсырып кеттім. Бұл да мен үшін мәртебе.
Республика өміріндегі шараларға көптен бері араласып келемін. Елімізде Қ.К.Тоқаевтың Президент жарлығымен жасақталған қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мемлекеттік комиссияның мүшесімін. Белгілі адамдар ақталды, бірақ ақталмай қалғандар да бар. Ақталған азаматтардың рухы риза болады, ұрпақтары сенің атаң «халық жауы» деген атақтан құтылады. Жылдың соңына дейін бұл жұмыстан белгілі бір қорытынды шығуға тиіс.
Ақылды адамзат қауымы талай рет қателесіп, инквизиция дәуірінде Коперник секілді ғалымдарды өртеп жіберген. Сондағы бар мәселе – «күн жерді айналады» деген тұжырым. 300 жылдан соң, бұл тұжырымның бұрыстығын ғалымдар дәлелдеген. Сондықтан Ватикан жұртшылықтан кешірім сұрады. Екінші дүниежүзілік соғыста 60 миллионнан астам адам құрбан болды. Содан 50 жыл өткенде Германия басшылығы халықтан кешірім сұрады. 1986 жылы желтоқсан оқиғасына байланысты «қазақ ұлтшылдығы» деген ағат қаулысын КОКП басшылығы түсініп, қателігін жойды. Біз де сондай адамзаттың бір қателігін түзетумен шұғылданып жатырмыз.
Қазақ халқы: «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең...» десе, Махамбет: «Қарттары егер болмаса, жастары болар диуана» деген, Мұқағали: «Ауылда бір қария болмаса егер, ағайын араздасып кетер еді» депті. Сондай ағалардың бірі болсам, тағдырыма ризамын» деп толымды жауап берді.
1996 жылы Санкт-Петербургте «Таврия» сарайында Ресей Мемлекеттік Думасының 90 жылдығы аталып өтетін болып, жиынға қатысушы Қазақстан делегациясын бастап барған Ө.Озғанбаев 26 сәуір күні, таңғы сағат 10-да баяндама жасайды. Содан 90 жыл бұрын, дәл сол күні Николай ІІ патша сол мінберден Ресей Думасына сайланған депутаттардың алдында сөз сөйлеген екен. Сарай ішіндегі еменнен жасалған жиһаздар 90 жыл бойы өзгеріссіз тұрыпты. Тағы 10 жыл өткен соң, Думаның 100 жылдығы тойланып, «Екатеринский залда» өткен шараға Ресей Президенті В.Путин қатысып, қонақтарға қонағасы беріледі. Бұл жолы Ө.Озғанбаев Парламенттің қос палатасының басшыларын бастап барып, ғылыми дискуссияға қатысады. Сол кезде Санкт-Петербургте Ресей Парламентінің тұңғыш музейі ашылып, «Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан» екі тілде шыққан қос монографиясын және сол кітаптың негізінде екі тілде түсірілген 2 фильмін, республикалық басылымдарға шыққан Дума туралы 6 мақаласын музейге тапсырады. Кейін Астанаға келген соң, музей қызметкерлерінен пайдалануға өте қажетті құнды еңбектер екен деген мазмұнда рахмет айтқан хат келіпті.
«Ел жарастығына еңбек ету – жасы озған аға буынның ардақты парызы. Ардагер қауым ел бүтіндігін тілейді. Мұндай іске ұйытқы болу – абыройлы шаруа. Сондай шаруаның басы-қасындағы Өмірзақ Озғанбаев інім де сондай елжандылығымен танылып жүр» деп жазды Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері Әбіш Кекілбаев. 2007 жылдан бері облыстық, республикалық «Ардагерлер ұйымының» ыстық-суығын көріп, еліміздегі зейнет жасындағы қариялардың мұң-мұқтажы мен мерейлі мерекелеріне атсалысып жүрген Өмекең бұл жұмысты абыроймен атқарумен келеді.
«Өмірде қанағаттанатын тағы бір шаруам – Өзбекстанға 6 рет қатынап жүріп, Нұрата ауданында жатқан аталы-балалы Сейітқұл мен Әйтекенің басына кесене салуға араласқаным. Өзбек елі өз тарапынан талаптарын қойып, біздің құптауымызбен және қаражатымызбен, әсіресе батыс аймақтардың және Шымкент кәсіпкерлерінің қаржылай демеушілігімен әдемі кесене ғимараты, музей, мешіт, айван, автотұрақ салынды. Соның бәрі құралып, қаланың бір шетінен шағын аудан сияқты нысан пайда болды.
Сол кезге дейін қазақтың атақты үш биінің бірі Әйтекенің жатқан жері белгісіз болып келген еді. Оның өмір сүрген жылдары өзбек антропологтарының зерттеуінің арқасында белгілі болды. Өзбек мамандары қолымызға оның 1644 жылы дүниеге келіп, 56 жас ғұмыр кешіп, 1700 жылы қайтыс болғандығын растайтын құжат берді. Кесене дайын болған соң, салтанатты ашылуын ұйымдастырдық. Ол шараға Әбіш Кекілбаев қатысып, сөз сөйледі. Жұрт көп жиылды, ел ағалары риза болды» деді Өмірзақ Озғанбайұлы сол бір кездерін еске алып.
Құрылғанына 35 жылдан асқан, 2 миллионнан аса мүшесі бар «Ардагерлер ұйымының» басты міндеті - соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету, еңбек ерлеріне ілтипат білдіру, сонымен қатар бұл ұйымның жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерекше. Түрлі басқосулар мен кездесулер ұйымдастырудағы істерімен көпке танылған Өмекеңнің өзі де биыл 80 жылдық мерейлі мерекесін атап өтпек. Соған байланысты ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі мерейтойды Елордадағы ҚР Ұлттық академиясының кітапханасында «Тарихқа тағзым» атты 5 томдық жинағының тұсаукесерімен ашуды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан бастап бүкіл республикада 80-нен астам түрлі шаралар – кездесулер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, тақырыптық іс-шаралар, танымдық кештер өткізуді жоспарлап отыр. Атырау облысының мәдениет басқармасы Ө.Озғанбаевтың мерейтойына байланысты телеарна арнайы бағдарлама ұйымдастырып, «Ғалым.Тұлға.Қайраткер» атты онлайн конференция өткізеді. Ал Маңғыстау облысында жерлесіміз туралы «Ұлт мұратының жалаугері» кітап көрмесі және «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» конференциясы өткізілмек. Осының бәрі өзінің азаматтық биік тұлғасын ел алдындағы еңбегімен танытып, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында сексеннің сеңгіріне сергек көңілмен көтерілген Өмекеңнің құрметіне арналып отыр. Қатарынан озып ғылым қуған, қайраткер ұстаз Өмірзақ Озғанбаевқа тоқсанда топ бастап, жарқын жүзбен жүзге жетіңіз дейміз!
Үміт ЖӘЛЕКЕ