© Фото интернеттен алынды
NIS Aktau кеңістігін кеңейте бастады. Халықаралық деңгейде қарым-қатынасты дамытып, серіктестікті нығайту мақсатында Ақтау қаласындағы Әзербайжанның Бас консулдығының көмегімен Әзербайжандағы ҰҒА Орталық ботаникалық бағымен видеоконференция өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Онлайн кездесуге Ақтау қаласындағы Әзербайжанның Бас консулы Эльмар Мамедов, Әзербайжандағы ҰҒА Орталық ботаникалық бағының ұжымы және зияткерлік мектептің химия-биология пәні мұғалімдері қатысты.
"Біз екі ұйымның серіктестік қарым-қатынас орнатуына мұрындық бола алғанымызға қуанамыз. Екі ұйымда да келер жас ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік бар. Сондықтан қарым-қатынастарыңыздың дами түсуіне тілекшіміз", - деді бас консул Эльмар Мамедов.
Конференция барысында Ұлттық Ғылым Академиясына тиесілі орталық ботаникалық бақ басшылығы жұмыс бағытымен таныстырып, бақ қоры туралы мәліметтер берді. Ал зияткерлік мектептің мұғалімдері мектеп жылыжайындағы сынақтар мен биология пәнінің өтуі, балалардың ботаникаға қызығушылығын ояту мақсатында атқаратын жұмыстары туралы айтты. Сонымен қатар ботаникалық бақпен бірлесіп жобалар жасауға шақырды.
Кездесу соңында зияткерлік мектеп директоры Асел Бейсембинова Әзербайжан елінің өкілдеріне алғыс білдіріп, бірлескен жұмыс жоспарын құрып, сол бойынша серіктестік орнатуды жалғастыруды ұсынды.
Айта кетейік, Әзербайжандағы ҰҒА Орталық ботаникалық бағы 1935 жылы негізі қаланған. Аумағы - 16 га. Тау бөктерінде орналасқан бақта 2 мыңға жуық өсімдік түрі өседі. Өсімдіктердің бір бөлігі ашық алаңдарда өссе, жартысы оранжереяда өседі. Баққа келушілер Әзербайжан эндемиктердің отырғызған ағаштарымен, жылусүйгіш қылқанжапырақтар мен жапырақтектес ағаштар, бұталармен, қарағай, арша, кипаристер, темір ағаштарымен, ленкорандық жібек акациясымен таныса алады. Бұл жерде жоғалып кету қауіпі бар 12 түрлі өсімдікті өсіреді.