Маңғыстаудың көрікті жерлеріне дейінгі қашықтықты белгілейтін тағы бір жол көрсеткіш Түпқараған ауданына қарасты Жығылған ойысына орнатылды. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тақтайшаларды орнатуға Ақтау қаласының тұрғыны Вячеслав Никишин атсалысты.
"Мен бұл жол көрсеткіш тақтайшаларды досым Антон Дикинмен бірге орнаттым. Ең алдымен тақтайша бейнесінің көркіне, туристердің суретке түсу үшін ыңғайлы болуына баса назар аудардық. Жол нұсқаушы тақтайшалар басқаларға қарағанда биік және үлкен болды", - дейді Вячеслав Никишин.
Айта кетейік, Вячеслав Никишин мен Антон Дикин жол көрсетуші тақтайшаларды өз қаржысына ерікті түрде орнатты. Туристерге бағыт беретін тақтайшалар бұған дейін 26 наурызда Торыш алқабына орнатылса, 2 сәуірде Шерқала тауына апарар жолға қойылған.