© Фото Т. Құсайын
Биыл Каспий жағалауын дамыту бойынша 4 жоба жүзеге асады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жобалардың біріншісі - «Tethys International HUB» кешені. Онда тақырыптық парк, гольф клубы, сауда орталығы, қонақ үйлер мен мейрамханалар қарастырылған. Кешеннің 1-кезеңі 2021 жылдың III тоқсанында іске қосылып, 1300-ден астам жұмыс орнын құру көзделген.
Ал 1605 апартамент, 47 вилладан тұратын «Вилла және Апартаменттер» кешенінің құрылысын «BI Property» ЖШС іске асырып жатыр. Кешеннің бірінші кезеңі 2021 жылдың III тоқсанында аяқталады.
««Aktau Property» ЖШС Ақтауда халықаралық стандартқа сай «Double Tree by Hilton» төрт жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысын бастап кетті. Қонақ үй кешенінде кемінде 200 нөмір болады деп жоспарланған. Тағы бір жоба - Aqualina Resort курорттық-қонақ үй кешені. Оның құрылысы 2021 жылдың 3 тоқсанында ақталады», - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар 2021 жылы Өңірлік Үйлестіру кеңесінде Ақтау қаласы бойынша 16 981 млн теңгеге 9 жоба қолдау тапқан. Бұл жобалар 700 - ден астам жаңа жұмыс орнын ашады.
«Олардың қатарында сүт зауыты, өнер мектебі, көтерме-тарату орталығы, қонақ үй-сауықтыру кешені, спорт кешені, химиялық өнімдер зауыты, медициналық орталық, қойма, мұнай өнімін өңдеу зауыты бар», - деді қала әкімі.