Мамыр айында үш бірдей айтулы мереке атап өтіледі. Аталған мерекелер қарсаңында әскери теңізшілер қарттар үйіне барып, сенбілік ұйымдастырды. Қарттар үйінің аумағын тазалап, 150-ге жуық көшет отырғызды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Бұл шараға әскерилермен қатар, олардың отбасы мүшелері де қатысты. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей қарияларға қамқор болуымыз керек, - деді әскери теңіз базасының матросы Мөлдір Пирова.
Карантин режиміне байланысты және адамдардың топтап шоғырлануын болдырмау үшін 10-ға жуық қана әскери қызметші отбасымен бірге көшет отырғызу жұмыстарына қатысты.
- Қарттар – бір кезде халық игілі, келешек ұрпақ үшін аянбай еңбек еткен аға буын. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, ынтымақта өмір сүруіне өз үлестерін қосқан жандар. Сондықтан да олардың өмір жолдары - бүгінгі ұрпаққа өнеге, таптырмас қазына», - деді әскери-теңіз базасындағы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің бастығы Әсел Хайрушева.