Сенаторлар Сүйіндік Алдашев пен Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутаттары сапар аясында Жаңа Кетік тұрғын үй алабында осы жылдың соңына пайдалануға беру жоспарланған автомобиль жолы құрылысының барысына куә болды. Бұл жобаның маңыздылығын ескере отырып, сенаторлар автожол құрылысын салушыларды жұмысты сапалы жасауға және оны уақытында аяқтауға шақырды.
"Қазіргі кезде автомобиль жолдарының сапасына қандай көңіл бөлінетінін көріп отырсыз. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң бақылауға алды. Мұнда құрылыс қарқыны жақсы. Оны сақтай отырып, автожолды уақытында пайдалануға беру аса маңызды. Бұл жергілікті тұрғындардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді", - деді Бақтыбай Шелпеков.
Сенаторлар сонымен қатар бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Олардың қатарында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін әрі жақында салынған су тұщытатын 2 қондырғы, сондай-ақ "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жасалған жағалау да бар.