Топырақ
«Топырағына тартып туған» деген сөз бекер айтылмаған. Әнекең дүниеге келген Жымпиты топырағы түгін тартса майы шыққан рухани құнарлы топырақ. Ол топырақта өскен тал бесікте Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер жаһанша Досмұхамедұлы, «Ақ Жайық» трилогиясын жазған қайсар қаламгер Хамза Есенжанов, «Мен – қазақпын!» деп поэма жазып, желтоқсаншы жастарға ара түскен Жұбан Молдағалиев, қазақтың қара өлеңінен ой орманын еккен Қадыр Мырзалиев, күміс көмей әнші Роза Жаманова секілді қазақтың ай маңдайлы ұл-қыздары тербетілген.
Әнекеңнің айтуынша, ертеде бір мезгіл қалмақтар қоныстанған жер болғандықтан ол туған өлкедегі бірқатар жер-су аттары Жымпиты, Қалдығайты, Бұлдырты, Өлеңті... болып қалмақша аталған. (Бір замандарда қалмақтар қазақпен қақтығыста жерінен ығыстырып, уақытша қоныс етсе керек). «Жымпитым-ай, қашан бағың жанып, жұлдызың жарқырар екен» деп, туған жерінің болашағына алаңдайтын Әнекең бүгінде өзін маңғыстаулық сезінеді.
Елу жылға жуық уақыт ішінде елмен етене араласып кетті, көңіліне жақпаған кісінің әпігін басып, бірден орнына қоятын адайлардың бірде бірі шағынып, үстінен арыз түсірген жоқ. Қайта аға баласы, ақ көңіл жігіт деп, бауырына басып, азды-көпті еңбегін бағалады. Бұл да болса, айбыны мен ақылы қабат жүретін ақеден елдің мәрттігін танытатын асқақ та болса адамшылығы шығар.
Маңғыстау топырағының өзіне бауыр басқан адамды оңайлықпен құшағынан босатпайтын бір қасиеті бар. 360 әулиенің табаны тиген киелі топырақ болған соң, солай да болатын шығар?! Өлкемізге осыдан 47 жыл бұрын келіп, түбекте біржолата тұрақтап қалған Әнуар Жәнібекті маңғыстаулық демегенде енді кім дейміз?
Кәсіп
Әнекеңнің Маңғыстау топырағына алғаш аяқ басуы 1973-тің жазы! Жаңадан ашылған облыстық газеттің редакторы Рысхан Мусиннің жақсы жолдасы, республикаға есімі белгілі журналист, ақын Хамидолла Қыдыров, Жанғали Нәбиуллин, Айтқали Нәріков, Қоныс Миханов, Тихон Әліпқалиев, Алпамыс Бектұрғанов, және Әнуар Жәнібеков – жетеуі Шевченко қаласына келеді. Бұлар келгенде «Коммунистік жол» аталатын газетте Мұқтасын Сухамбердиев, Темірхан Медетбек, Әбілқайыр Спан тағы бір-екі журналист бар екен. Көп ұзамай бұлардың қатарына Ақтөбеден Нәдірбай Қыдыров келіп қосылды. Қазір ойлап отырса, 3-4 жылдан соң, солардан тек Хамидолла екеуі қалыпты.
Журналистік мамандықпен мектеп бітірісімен етене болып, еңбек жолын Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған Әнуар Қайырғалиұлының 1976 жылға дейінгі қызметі Маңғыстау облыстық қоғамдық-саяси басылым «Коммунистік жолда», одан кейінгі 18 жыл өмірі облыстық теле-радио мекемесінде өтті.
Теле-радиодағы қызмет сатысымен редакторлықтан - Бас редакторлық лауазымына дейін өскен Әнуар аға тәулігіне 1,5 сағат қазақ тілінде, 1 сағат орыс тілінде хабар тарататын саяси-ақпараттық эфирдің 1 сағатында айына екі рет өзінің әдеби-сазды «Сыр сандық» авторлық бағдарламасын жүргізді. Сол кезеңде аймақ көлемінде ғана емес, республикаға, таяу шетелдерге танымал аталмыш хабардың негізгі қонақтары Мырзағұл Панаев, Орын Құлсариев, Күріш Тасболатов, Сержан Шәкірат, Жақсылық Елеусінов, Рухия Батыршиева, Амандық Көмеков т.т маңғыстаулық өнерпаздар еді. Сол уақыттарда ирандық қазақтардан маңғыстаулық жыршы-күйшілердің шығармаларын эфирден жиі шығарып тұруын өтінген хаттар келіп тұратын. Маңғыстаудың әнші, жыршы, күйшілерінің өнерін өзге аймақтарға кеңінен насихаттауға Әнекең жүргізген «Сыр сандықтың» үлесі мол болғанын мойындауға тиіспіз.
Сол жылдары Әбіш Кекілбаевтың 50 жылдық мерейтойына арнап жасаған 3 сағаттық хабары республикалық радиодан бүкіл елімізге тарады. 18 жыл теле-радиода жасалған 1000-ға жуық радиохабарлар өз алдына бір дастан.
«Жақсы журналист болу – басты мақсатым» деп түсінген Әнекең «Журналистік мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Журналистік бағымды ашқан әулиелі мекен Маңғыстауға мың алғыс айтамын» дейді ақсақал.
Өмірінің жартысынан көбі, дәлірек айтсақ 48 жылы киелі түбектің орталығы Ақтау қаласында өтіп келе жатқан Әнуар Жәнібек ұзақ жылдар бойғы журналистік еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Қазақстан Коституциясына 10 жыл», «Ақтау қаласына 50 жыл» медальдарымен марапатталып, жергілікті елге сіңірген қызметі үшін «Маңғыстау» энциклопедиясына есімі енген ардагер азамат.
Жасы жетпістен асса да сүйікті ісінен қол үзбеген маман «Заң», «Сахара» басылымдарында штаттан тыс тілші болып, «Не хабар?» газетінің үздік авторы атанды. Әлі де қаламы қолынан түскен жоқ...
Сот
1994 жылдың қыркүйек айында мекеме жабылып, облыстық сотқа бас кеңесші және баспасөз хатшысы - қос бірдей міндет арқалап қызмет ауыстырған Әнекеңнің сол тұста журналистік жұлдызы жарқырап жанды. Сотқа қызметке келген соң, ол қылмыстық (криминалдық) тақырыптағы деректі прозаға ден қойды. Оның «Сот хикаялары» деген атаумен жарық көрген облыс аумағында орын алған қылмыстық оқиғаларға құрылған әңгімелері кезінде оқырманнан жақсы бағасын алған дүниелер.
Соттың баспасөз хатшысы болып қызмет еткен 17 жылда Әнуар Қайырғалиұлының заң және құқық қорғау тақырыбына жазған мақала, сұхбат, ақпараттық материалдары аудандық, қалалық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде 5 млн данамен жарияланды.
Өзінің сотта істеген жылдары Әнуар Қайырғалиұлы бірнеше сот төрағаларымен қызметтес болды. Табиғатында әділетсүйгіш, шыншыл Әнекеңнің бос мақтан, бөспе сөзге әуестігі жоқ. Қашан да қара қылды қақ жарып, ақиқатын айтып қарап тұрады.
Сұсты мекеме сотта істегенмен Әнекең ешуақытта тағдыры бұйырған кәсібінен қол үзіп көрген емес. Өйткені ол жердегі негізгі қызметі де ақпараттар даярлау, қатынас хат жазу, аударма жасау секілді жазба жұмыстардан тұратын.
Журналист мамандығы туралы Әнекең ақсақалдың өз пікіріне құлақ салсақ: «Журналистік – өнер емес, кәсіп. Қазір талантты журналистер аз. Баспасөзде - қаптаған ақпаратшылар. Содан да газеттер оқылмайды. Кеңестік кезде газеттің рөлі үлкен еді. Қаламақысы болды. жазылған сын аяқсыз қалмайтын. Қазір мұның бірі жоқ. Сондықтан газеттен бедел кете бастады» ащы да болса, шындық осы. Сонымен бірге, өз кітапханасында әлемдік әдебиеттің озық өкілдерінің шығармаларын жинап, онымен өмір бойы сусындап келе жатқан оқырман Әнекең кітаптың да қадір-қасиеті кеткенін, екінің бірі кітап шығаратын болғанын, қойшының да, қоймашының да қолынан шыққан шала-шарпы дүниелердің рухани байлық болудан қалғанын қынжыла отырып жеткізді.
2007 жылы Маңғыстау облыстық Сотынан 65 жасында басқарма бастығы лауазымынан зейнет демалысына шықты. Жай шыққан жоқ, республикада бірінші болып, құқық қорғау саласындағы жемісті қызметі үшін «ҚР Сот жүйесінің Құрметті қызметкері» атағын алып шықты.
Тек
Саз демекші, домбыра сазына аңсарлық Әнекеңе ата-тегінен берілген. «Тегіне тартпайтын кісі болмайды», адамның дербес болмысын зерттейтін «генеология» ғылымы осылай дейді. Атасы Қайырғалидың ескі батырлық жыр эпостарды ауыл үлкендерін жиып жырлайтын өнері болған. Сонымен бірге күреске түсіп палуандығымен аты шыққан Қайырғали Даттың Жомартының Қарашаш деген палуан қызынан туған жиені. Ал нағашы жұрты Жиембет Таналар сірә, ақын-жырау - өнерлі ел.
Өзінің де 8-10 сыныптарда аудандық фестивальға күй тартудан қатысып, жүлде алған кездері болды. Кейін солақайлығынан ұялып көпшілікте домбыра ұстауды қойып кетті...
Шыққан тегіне келсек, Алшыннан Сұлтансиық – Асқар – Байбақты – Байжиен – Тоқшора – Жауғашты – Намазқұл – Аққұл – Байсейіт – Барақ – Дендербай – Мейірман – Жәнібек – Қайырғали – Қодарғали – Әнуарбек болып жалғасады. Ұлы Нұрболаттың мамандығы инженер, жеке кәсіппен айналысады.
Батыр тұқымды Жауғаштылар бұдан 300 жылдай уақыт бұрын Жымпитыға қоныстанған. Сонда Әнекеңді жеті атасынан бері жымпитылық деуге келеді. Атасы Қайырғали мен әжесі Жәнияның бауырында өсіп, куәлігіне Қайырғалиұлы болып жазылған Әнуар ағаның өз әкесі Қодарғали ұста ата-анасының 11 баладан тірі қалған жалғызы және арқалы адам еді. Өмір бойы, 60 жасында зейнетке шыққанша «ХХІІ партсъезд» атындағы совхоздың ұсталық жұмысын істеді. Анасы Бұлдаш Рамазанқызы болса, ішіне сыр жасырмайтын аңқылдаған ақкөңіл әйел екен. Әнекеңнің ақкөңілдігі анасына тартқаны байқалады.
Адамның мінезі тұқым-тек қуалайтын қасиет болса, Әнекеңнің шыншылдығы бала жастан байқалған туабітті мінез. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ сын мақалаларымен аты ауданға танылған үздік оқушы, сол мінезі үшін ішіндегі бағалары түгел бестік бола тұра қызыл аттестаттан құр қалды. Бірақ оған мойымады, ол кезде көптің қолы жете бермейтін Алматыдағы қазақтың жалғыз университетінің журналистика бөлімін үздік бітіріп шықты.
Дүниедегі ең бір қауіпті де қатерлі мамандық саналатын журналистік кәсіпті меңгеріп, өмір бойы қалам ұстау маңдайына жазылған адамға ең керек қасиет шыншылдық. Себебі журналист қоғамның шындығын халыққа жеткізуші мамандық иесі. Әнекең сол кәсібіне адал маман болды, бірақ кеңес дәуірінде Алашорданың шындығын жариялағаны үшін, 1988 жылы елең-алаң кездегі Қазақстанның алғашқы демократиялық Парасат қозғалысының митингісін эфирден тікелей таратқаны үшін коммунистік партия тарапынан мәселесі қаралып, «Алашордашыл», «Ұлтшыл» атанды.
Еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет атанған соң ғана, Әнекеңнің сол жазғаны мен айтқаны ақиқатқа айналды.
Күнделік
Күнделік - мемуарлық жанр. Пушкин, Лев Толстой т.б ұлы ақын-жазушылардың көбі күнделік жазған. Қазақ жазушыларынан күнделікті күн құрғатпай жазып, жеке кітап қылып шығарған Герольд Бельгердің «Плетенье чепухи», Мұхтар Мағауиннің «Мен», Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі», Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» еңбектерін іздеп жүріп оқитын Әнекең ұзақ жылдар бойы жазған күнделіктерін өзі де жариялай бастады. Оның алғашқы кітабы «Жаралы жолбарыс» деген атпен 2018 жылы басылып шықты.
Жазбаларында өзін жалқаулығы үшін жазғыра беретін Әнекең 15 жасынан бастап күнделік жазып, осы уақытқа дейін 70 блокнот, 120 қалың дәптер мұрағатын сақтап келіпті. Бұл үлкен 10 томдыққа мол жететін еңбек! Сонда Әнекең қалай жалқау болады? Меніңше, Әнекең жалқау емес, әр күннің жаңалығын жазбай-жаңылмай, мұқият қағазға түсіріп отыратын жылнамашы. Ол аз десеңіз, жанкешті жазушы.
Ол күнделіктерде өткен күннің нақты оқиғасы, тарихи ақпары ғана емес, заманның тынысы, қоғамның жүрек соғысы бар. Өзін жаралы жолбарысқа теңейтін Әнекеңнің күнделіктеріне көз жүгірткен адам оның өмірінің әділет үшін арпалыспен ақ жолынан айнымай өтіп келе жатқанына куә болар еді.
«Күнделік тек шындықты жазады. Өтірік жаза алмайсың. Өтірік бір сөз қоса алмайсың» дейді ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Әнекеңнің күнделігін жеке өмірбаяндық сипаттағы «өзі үшін жазылған» еңбек деп бағалау - қиянат болар еді. «Күнделік кітабым – менің сөз сандығым, ар-ұятым, жан сырларым» деп ағынан жарылған ағамыз күнделік жазбаларында өз заманының шынайы бейнесін қалтқысыз көрсете білген сара пікірдің, дара көзқарастың иесі.
Күнделіктерінде көп айтылатын кейіпкердің бірі – автордың жары, жан жолдасы Қалау Қабижанқызы. Ақсақалдың Маңғыстау топырағына келген соң шаңырақ құрып, Нұрболат, Назым, Нәркес есімді үш баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген өзінің адал, ақылды өмірлік серігіне алғыстан басқа айтары жоқ. Әнекеңнің келіні, үш немересінің анасы Назымның мамандығы экономист. Қыздары Назым мен Нәркес, күйеубалдары Асылбек пен Қанат жоғары білімді мамандар. Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында немере-жиендері өсіп келеді.
Түйін
Бұрынырақта Әнекеңе «Маңғыстаудың Кемел Тоқаевысыз» деп едім, осы күні жұрт бір-біріне біреудің жақсы лебізін, мақтау сөзін де қимайды. 75-ке келгенше «күнде өзгеріп», заманмен бірге құбылып көрмеген Әнекең енді қалған ғұмырында сірә өзгермес. Сол сөзім сөз!
Үміт ЖӘЛЕКЕ