Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Ақтау қаласындағы екі медициналық нысанда болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Аманбек Жұмыровпен бірге коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға емдеуге арналған модульдік стационарда және облыстық "Ана мен бала" перинаталдық орталығына барды.
Айта кету керек, Маңғыстау облыстық ауруханасының жанындағы инфекциялық бөлімшесі 480 төсек орынға есептелген, оның 40 төсек орны жансақтауға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 294 науқас ем қабылдап жатыр, оның 239 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар, 139 ер адам болса, 155 әйел адамдар. 266 науқастың жағдайы орташа дәрежеде ауыр деп бағаланса, 12 науқастың жағдайы ауыр, 16 науқас өте ауыр жағдайда. Бұдан бөлек 28 науқас жаңсақтау бөлімшесінде. Ажар Ғиният ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайын біліп, тілдесіп, сұрақтарына жауап берді және тездетіп сауығып үйлеріне оралуға тілектес екендігін жеткізді.
Ажар Ғиният барған тағы бір медициналық мекеме облыстық "Ана мен бала" орталығы болды. Аталмыш мекеменің директоры Жапырақ Епенованың айтуынша, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының шығарған бұйрығына сәйкес биыл 17 шілдеден 50 инфекциялық және жасақтау төсек орындары даярланған. Қазіргі уақытта инфекциялық бөлімшеде 57 әйел жатыр, оның 8 жасақтау бөлімшесінде тыныс алу аппаратына қосылған. Сол 57 әйелдің 39 жүкті, қалған 18 босанғандар. Перинаталдық орталықта Ажар Ғиният науқас әйелдермен тілдесіп, медициналық персоналдың қызметімен танысты.
