Облыста жыл басынан бері қауіпті індетпен 10 мыңнан астам адам ауырып, 92,3%-ы емделіп шықты. Өкінішке қарай 227 адам осы вирустан көз жұмған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеше 224 адамның КВИ жұқтырғандығы анықталды. Денсаулық сақтау нысандары күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Науқастар санының өсуіне байланысты Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, Мұнайлы, Түпқараған және Маңғыстау аудандарында 5 инфекциялық стационарлар ашылды.
Өңірдегі жалпы төсек қорының саны 1 799 орынға жеткізіліп, реанимациялық төсек саны 118-ге дейін артты. Осы стационарларда бүгінгі күні 1 190 адам ем қабылдауда, оның ішінде 51 бала, 101 жүкті және босанған әйелдер. Төсек орындардың толымдылығы – 62% құрайды. Ал, жансақтау бөлімдерінің толымдығы - 90% (107 адам).
Облыс әкімінің орынбасары Г. Қалмұратованың айтуынша, медициналық персонал толық іріктелді, дәрілік препараттар мен жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры дайын. Қосымша мобильді бригадалар құрылып, олардың саны 120 бригадаға дейін ұлғайтылды, 20 бірлік автокөлік бөлінді.