Маңғыстау облысында енді той, садақа жасағандарға ғана емес, оған барғандарға да айыппұл салынады. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында әкім орынбасары Г.Қалмұратова мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Гүлмира Мұратқызының баяндауынша, карантин талаптарын бұзғандар бас санитардың қаулысына сәйкес айыппұл төлейді.
Өткен демалыс күндері өңірдегі 256 нысанға рейд жүргізілді. Нәтижесінде 57 хаттама толтырылып, Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді. Облыс әкімі С. Трұмов бұл жұмыстарды жалғастыра беруді және мониторинг топтарының жұмысын күшейте түсуді тапсырды. Себебі COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны сағат сайын өсіп барады.
Эпидемиологиялық ахуалды жақсартудың бір жолы – көпшілік жиналатын шараларды шектеу болса, екіншісі - вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай екпе алу. Бүгінгі күнге дейін облыста 103 710 адам вакцинаның 1-ші компонентін, 64 204 адам 2-ші компонентін қабылдаған. Облыста КВИ-ге қарсы вакцинацияға арналған 42 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр (Ақтау – 8, Жаңаөзен – 6, Бейнеу - 8, Қарақия -2, Маңғыстау -1, Мұнайлы - 5, Түпқараған – 6).
«Вакцинация жұмыстары күшейтілді, соның нәтижесінде шілде айында тұрғындар арасында вакцинацияның өсу қарқыны байқалды», - деді Г.Қалмұратова.