Бүгін республикалық "Парасат жолы" жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне сілтеме жасап.
Жұмыс тобы іс сапар барысында Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханадағы «Парасат жолы» орталығына барды. Онда С.Түгел мен Ж.Жылқышиева «Парасат жолы» орталығының жұмысымен танысып, кітапхана ұжымымен кездесу өткізді.
Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапхананың тарихы 1973 жылдан бастау алады. Бүгінде 64 қызметкер жұміс істейді. Қазіргі кезде кітапханада 435 мың кітап қоры сақталған, сондай-ақ 23 мың оқырманы бар. Айта керу керек, кітапхананың жанында зағип жандарға арналған кітапхана да бар. 500 оқырманы бар кітапханада 12 мыңнан аса кітап қоры сақталған.
Кездесуде С.Түгел еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, «Парасат жолы» жобасының қоғамға тигізер пайдасы туралы атап өтті.
"Парасат жолы- әділдік жолы, тазалық жолы. Парасаттың жолы ашық болсын,"- деп тілегін білдірді С.Түгел.
Айта кетейік, "Парасат жолы" жобасы ағымдағы жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен құрылды. Бүгінде еліміздің барлық аумағынан осындай орталықтар ашылып, жұмыс істеуде. Жобаның мақсаты – қоғамда парасаттылық, адалдық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастырып, мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілете отырып, ізгі қоғам құруға бағытталған.