«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының 2021-2025 жылға арналған жол картасын жүзеге асыру мақсатында Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Әбілов, кеңес мүшелері, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібінде «Дунга кен орнында «Дунга фаза-3» жобасын іске асыру, «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» су желісін салу, Жаңаөзен қаласындағы су тазарту ғимаратынан Теңге ауылына дейінгі су құбырының құрылысы, Түпқараған ауданындағы 14 шақырым автожол (Сұлтан Үпі) құрылысы туралы мәселелер қаралды.
Қазан айында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы өңірімізге іссапармен келіп, аталған мәселелердің орындалысын бақылауға алуды тапсырған болатын. Осыған байланысты орындалуы баяу жүріп жатқан немесе орындалмау қаупі бар жобалар бүгінгі күн тәртібіне енгізілді, - деді кеңес төрағасы Аят Сүгірбайұлы.
Орындалмауы мүмкін жобалардың бірі «Дунга кен орнында «Дунга фаза-3» жобасының жұмысы бойынша инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыров баяндама жасады. Ол өз сөзінде инвесторлан шетелдік болғандықтан, «Дунга фаза-3» шетелдегі экономикалық мәселелерге байланысты баяу жүріп жатқанын айтты.
Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» су желісін салу және Жаңаөзен қаласы су тазарту ғимаратынан Теңге ауылына дейінгі су құбырын тарту жобаларының орындалысы туралы баяндады. Сондай-ақ су желілеріне қаражат керек екенін атап өтті.
Осы мәселе бойынша Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев су желісін салу жобасы жасақталып, қолдау табылғанын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында жоспарланғандықтан, жобаны қаржыландыру қалалық мәслихат сессиясына ұсынылып, 15.10.2021 жылғы № 8/75 мәслихат шешімімен қалалық бюджет есебінен 1,0 млн теңге қаржы қарастырылды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы АбайТұралханов және осы кеңеске қатысып отырған Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев сөз сөйлеп, Түпқараған ауданындағы 14 шақырым автожол (Сұлтан Үпі) құрылысы туралы айтты. Кеңес отырысында Түпқараған ауданына 14 шақырым жол салу үшін қаржы қарастырылатыны айтылды.
Сонымен қатар, аталған жобаларды мерзімінде орындау үшін бюджеттік ұсыныстарды кешіктірмей беру туралы тапсырма берілді. Атқарушы орган өкілдері мәселелер шешімін табу мақсатында жұмыстанатынын жеткізді.