Нұрлан Ноғаев облыс орталығын аралап, Ақтау қаласындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Ноғаев Маңғышлақ эксперименттік ботаникалық бағының қызметімен танысты. «Маңғышлақ эксперименттік ботаникалық бағы» РМК басшысы Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, бақ аумағында тұщы судың жоқтығына, топырақтың жоғары дәрежеде тұздануына қарамастан 10 шағын аудандағы 29 гектар аумақта бақ қызметкерлері ғылыми жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Маңғыстаудың қолайсыз климаттық жағдайында өсімдіктердің өсуі мен олардың биоэкологиялық ерекшеліктерін анықтап, 1359 ірі коллекциялық қор құру бойынша жұмыстар жасалуда.
Онда Қазақстанның құрғақ климатты жағдайында өсетін, экологиялық таза құрылысқа қажетті ағаш-бұта тұқымдастарының 275 түрі және 102 шөпті өсімдіктер өсіріледі.
Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының 34 А шағынауданында бой көтерген 10 гектар аумақтық ботаникалық баққа да барды. Ол жерде 25 мыңнан астам қылқан жапырақты, 159 түрлі жеміс-жидек көшеттері отырғызылған. Жобалау-сметалық құжаттама бойынша саябақтың қоршау жұмыстары, зертхана ғимараты мен шаруашылық құрылыстары толық аяқталған. Ішкі жаяу жүргінші жолдары, шағын сәулеттік нысандар мен ландшафты-коллекциялық жасыл желектер отырғызылған.
Ботаникалық бақ зертханасында облыс әкіміне сәндік жасыл желектерді өсірудің жеделдетілген әдісі бойынша ғылыми тәжірибелер жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл ағаштардан сәндік экспозициялар жасау үшін отырғызылған көшеттер. Ол табиғи су қоры сақталмайтын шөлді аймақты жақсы жерсініп өседі.
Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев 3 шағын аудандағы өз үйінің ауласына арнайы технология бойынша 5 млн-ға жуық тұя ағашын отырғызған кәсіпкердің жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, кәсіпкер сол жерге 1000 түп қарағай көшеттерін отырғызған. Ендігі кезекте кәсіпкер бұл көшеттерді трансплантациялау үшін қосымша жер қажеттігін айтады. Алдағы уақытта ол 12 млн-ға тұя ағашын, 600 мың қарағай, 100 мың шие, 200 мың қара өрік және алша көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға облыс орталығын көгалдандыру бойынша барлық іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ботаникалық бақ қызметкерлерімен және кәсіпкермен бірге осы бағыттағы жұмысты тұрақты негізде жалғастыру керегін айтты.