Бүгін «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау шарасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың проблемалық мәселелерін шешу, сонымен қатар мүгедектердің жүйелі проблемаларына мониторинг жүргізу, Үкімет тарапына ұсынымдар әзірлеу.
Қабылдауға 10 азамат келді. Олар денсаулық мәселесі бойынша көмек сұрап келген. Атап айтқанда, бірі аутизммен ауыратын екі баласын Нұр-Сұлтан қаласына барып, емдету үшін, енді бірі онкологиялық аурудан айығуы үшін медициналық көмек сұрап келген. Сонымен қатар қабылдауға келген тұрғынның бірі қажетті дәрі-дәрмегін алу үшін қаржылай көмек көрсетілуін сұрайды. Ал тағы бір азамат жалға алған үйдің ақысын төлеу үшін, жұмысқа орналасуына мүмкіндік берсе екен дейді.
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметінің айтуынша, қабылдауға өңірдің денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру саласының өкілдері қатысты. Келген азаматтардың өтініштерін тыңдаған соң, тиісті мекемелерге хат жіберді. Осылайша мәселенің шешілуін қадағалайды.
Айта кетейік, қабылдау «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА