Бүгін Yessenov University ғимаратында «Әзірбайжан орталығы» кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Кабинеттің лентасын университет Президенті Ахметов Берік Бақытжанұлы және Ақтау қаласындағы Әзірбайжан Республикасының Бас консулы Маммадов Эльмар Рагим оглы қиды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға Маңғыстау облыстық Инвестиция және туризм басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Шамсадин Гусейнов, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дүтбаева, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілдері, ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты.
Университет ректорының айтуынша шараның басты мақсаты: Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Көршілес Әзірбайжан Республикасының мәдениеті мен тарихын, тілі мен ділін университеттің білім алушыларына таныстыру және насихаттау болып табылады.
- Бастысы студенттердің сапалы білім алуы, ал ол білікті педагогикалық құрамға және сапалы инфраструктураға тікелей байланысты. Әзірбайжан орталығынан өзге Иран орталығы бар және Өзбекстан орталығы ашылады деген ойдамыз. Каспий теңізі білім беру хабы, достық теңізі болып ынтымақтастығымызды арттыра берсін -деді Б. Ахметов.
Шараға қатысқан В. Мұстапаева облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан университет басшылығына және Ақтау қаласындағы Әзірбайжан консулдығына студенттерге арнап осындай мәдени орталық ашқанына алғыс білдірді.
- Бұл кабинет көңілге жылылық ұялататын ескі Бакуды еске салады екен. Атап өтетіндігі, әзірбайжандықтар Ақтау қаласындағы ең көп диаспора және қызмет көрсету саласы, сауда-саттықта алдыңғы қатарда. Соңғы 11 айдың көрсеткіші бойынша Маңғыстау өңірінің Әзірбайжанмен сыртқы сауда-саттық көлемі 33 миллион долларды құрайды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 23%-көбірек.
Шара соңында университет және Ақтау қаласындағы Әзірбайжан консулдығы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісім шартқа қол қойылды.