Бүгін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен Ақтау қаласы әкімдігінің газ техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері бірігіп, шағын тамақтанатын орындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу. Кәсіпкерлер мен қызметкерлерге алдын ала профилактикалық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұхановтың айтуынша, 2018 жылдан бері газдың жарылуы мен газ ауа қауіптілігі бар 9 жарылыс тіркелген. Оның 6-ы мекемелерде болса, қалған 3- тұрғын үйде болған. Салдарынан 17 адам зардап шеккен, яғни 10 адам жарақат алып, 7 адам қаза болған.
«Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде 300-ге жуық дәмхана мен қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Мұндай шағын тамақтанатын орындар критерийлерге сәйкес тәуекел дәрежесі кіші санатқа жатады. Сондықтан тексеру жүргізілмейді, десе де мамандар тарапынан өрт қауіпсіздігінің алдын алу, қауіпсіздік ережелерді сақтау, төтенше жағдай болған кезде не істеу керек екендігі тұрақты түрде түсіндіріледі», - дейді МО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұханов.
Департамент мамандары қауіпсіздік шараларын түсіндіруді 7 шағынаудан 12 үйдің бірінші қабатында орналасқан шағын тамақтанатын орындардан бастады.
«Бүгінгі шара – тексеру емес, тиісінше әкімшілік айыппұл салынбайды. Кәсіпкерлердің көбі газ баллонын емес, арнайы тоқ пешін қолданып отырғанын айтты. Біз оған сенеміз. Дегенмен түсіндіру шаралары жыл бойы ұйымдастырылады. Тек кәсіпкерлік нысандарда ғана емес, тұрғындар арасында, мектеп, балабақша, әр түрлі мекемелерге барамыз», - деді ТЖ департаментінің басшысы Мұрат Мұханов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА