Ақтау қаласының әкімдігі қоғам белсенділерімен тұрғын үйлер жанындағы және Өмірзақ ауылында орналасқан шағын дүкендердегі азық-түлік бағасына мониторинг жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына 19 түрлі өнім кіреді.
Қоғам белсенділермен бірлескен жұмыс тобы қала және Өмірзақ ауылы бойынша тұрғын үйлер жанындағы дүкендердегі көкөніс пен күнделікті тұтынатын өнімдердің бағаларын салыстырып, кәсіпкерлерге Мемлекет басшысының азық-түлік бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу тапсырмаларын түсіндірді.
-Тұрғындар тарапынан үй жанындағы дүкендерде бағаның негізсіз өсу фактілері бойынша шағымдар келіп түсуде. Мониторинг барысында шағын дүкен иелеріне көтерме сауда орталықтары мен тиімді бағада өнім жеткізуші кәсіпкерлерден сатып алу ұсыныстары айтылды. Дүкен иелеріне
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатып алған әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сату бағасына үстемақыны 15% -дан асырмауы қажет екендігі түсіндірілді, дейді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілеген Едігеев.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында маслихат депуттары, үкіметтік емес ұйым басшылары және қоғам белсенділерімен бірлескен халықтық жұмыс тобы мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізбек.