Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Бозжыра аумағына салынатын қонақүйге тоқталды. Ол қонақүй салмастан бұрын сарапшылар мен мамандардың пікірі ескерілетінін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстауға келген саяхатшылар Бозжыра шатқалына қызығушылық танытады. Биыл тек тамыз-қазан аралығында 2 мыңға жуық адам Бозжыраға барған. Ал 2021 жылы турист саны 5 есе өседі деген болжам бар. Осы ретте туристердің қорыққа бейберекет барып, өздігінше жүруі бұл табиғатқа орасан зиян келтіріп жатыр. Сондықтан Бозжыраға баратын жол, туристердің жайлы демалуына жағдай керек. Президент те осы жағдайға байланысты пікірін білдіріп, экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайтынын айтқан болатын. Мемлекет басшысы тапсырғандай, бұл жобаны орындау барысында сарапшылардың, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірі ескеріледі.
«Ірі инвестор ел туризмін дамытуға мол қаржы құйғалы отыр. Мұнайға ғана тәуелді болу болашақ үшін қауіпті. Көп елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай туризмді дамыту арқылы, экономикамызды өркендете аламыз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Құрметті азаматтар, журналистер, мен де өз елімнің патриотымын, туған жерімнің жанашырымын. Азаматтарымыз табыс тауып, жағдайын жақсартып жатса қуанамын», -деді Маңғыстау облысының әкімі.
Еске сала кетейік, Бозжыра аумағында сафари-отель салу идеясын «Rixos» қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар ұсынды. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Инвестор Бозжырадағы қонақ үйді шатқалдан 2 шақырым жерде салуды ұсынып отыр. Жоба дайын болған соң қоғамдық тыңдауларға ұсынылады.