Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, Маңғыстау – елдегі туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді.
Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік зор. Бүгінде өңірдегі туризмді өркендету мақсатында кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл өңірге 117 мыңнан аса турист келген. Оның 67 мыңнан астамы шілде айында ашылған «Риксос Ақтау» қонақ үй демалыс кешеніне келген. «Риксос Ақтау» жобасы Орталық Азиядағы курорттық типтес ең ірі отель.
«Осы жылдың 2-ші тоқсанында осы туризм саласында 1 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Туристтің басым бөлігі жаз айларында қыдырып келген. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 млрд теңгеге 31 шақырым жол салынды. 2020 жылдың 1-жартысының қорытындысымен туризм саласына салынған инвестиция көлемі 68,7 млрд. теңгені құрап, 3,7 есеге артты», - деді облыс әкімі С. Трұмов.
Өңірде жылы жағажайда жобаларды іске асырудың екінші кезеңі басталды. Онда 5 қонақ үй салынады. Қазір үшеуінің құрылысы басталып кетті. Жылы жағадайда жаңа қонақ үйлер, гольф-клуб, тақырыптық ойын-сауық саябағын салу жоспарланған. Жалпы жоба құны - 1,2 млрд АҚШ доллары.
«Мұның барлығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен орындалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылы Ақтауда өткен Самитте Елбасы Ақтау - теңіз курортына айналуы тиіс деп, курортты аймақты дамытуды тапсырған болатын»,-деді облыс әкімі.