Пандемия кезінде кәсібі тоқтап қалған 17 мыңға жуық маңғыстаулық кәсіпкер салық төлеуден босатылды. Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов журналистерге арналған онлайн-брифингте айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қойған міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу. Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі – 31,8% құрады. Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бүгінде шағын және орта бизнестің 756 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.
«Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға қолдау көрсету үшін 51,8 млрд теңге жұмсалды. 1 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3 070 жұмыс орны сақталды. 2019 жылмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 1,7 есеге артты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,6 млрд теңгеге 317 шағын несие берілді, 399 жұмыс орны құрылды. Қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71,5 млрд теңгенің 101 жобасы мақұлданды»,- деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.
Індеттің өршуіне байланысты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд теңге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 пайызбен несие беретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн теңгеге 26 жоба қаржыланды, 128 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама басталғаннан бері 2,9 млрд теңгеге 149 жоба мақұлданды. Соның нәтижесінде 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды.