Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді. Оның айтуынша, Маңғыстауда құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту жұмыстары қолға алынған.
Карантин уақытында шекара арқылы тауар тасымалында қиындық туды. Алайда теңіз қақпасы арқылы алыс-беріс тоқтаған жоқ. Керісінше, байланыс жандана түсті. Ақтау, Құрық теңіз және Солтүстік терминал порттары арқылы 10 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 4,5 млн тонна болды.
«Құрық порты арқылы – 1 352 мың тонна, Ақтау теңіз порты – 2 581 мың тонна, Солтүстік терминал арқылы – 544 мың тонна жүк тасымалданған. 10 айда фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 10 611 контейнерлік бірлікке жетіп (жиырма футтық эквивалент), өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,1 есе өскен.
Әуе жолы арқылы сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында Үкіметтің қолдауымен «FlyArystan» компаниясы «Ақтау-Алматы», «Ақтау-Нұр-Сұлтан», «Ақтау-Шымкент», «Ақтау-Атырау», «Ақтау-Қарағанды», «Ақтау-Орал» бағыты бойынша жаңа рейстерін ашты», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар биыл қаладағы автобус парктерін жаңарту үшін 216,5 млн теңге бөлініп, отандық 18 автобус сатып алынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады.