©
Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінің оқушысы Амина Ақшина жас музыканттар бақ сынаған республикалық байқауында топ жарды.
Қазан айында Балалар музыка мектептерінің және өнер мектептерінің білім алушылары – жас музыканттардың 53-ші республикалық фестиваль-байқауы онлайн өтті. Үш жылда бір өтетін фестиваль-байқауға республиканың музыка мектептері мен өнер мектептерінің хор ұжымдары және «Фортепиано» бөлімдерінде оқитын пианистер қатысты. Өнер додасында Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебі шәкірттерінің орындау шеберлігі тыңдармандарды тәнті етті. Дәстүрлі доданың биылғы сынына күйсандықта ойнап, хорда ән шырқау қосылған.
Қазылар алқасы өнерлерін конкурстың орындау бағдарламасының талаптарына сәйкестігін, көркемдік орындау деңгейін, техникалық шеберлігін, көркемділігін және тазалығын, әсерлігі мен мәнерлігін ескере отырып, бағалады.
Жеңімпаздар қатарында Ақтау қаласының Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары да бар. Олар хор ұжымдары және фортепиано сыныбында жоғары нәтиже көрсетті.
Орта жастағылар тобы бойынша Бас жүлдені Амина Ақшина (ұстазы Митянина Любовь Владимировна) иеленді. Ал өнер мектебінің хормейстері Наталья Олейнюк пен концертместер Наталья Стаховсхая басқаратын хор ұжымы арнайы Дипломға лайық деп танылды.