Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері жаңа ғимаратқа көше бастады. Облыстық аурухананың бір қанатында диспансер стационары орналасқан болатын. Диспансер басшысы, аймақтың штаттан тыс бас онкологы Нұрлан Жариевтың айтуынша, аурухана ғимараты провизорлық орталыққа берілгеннен кейін онкодиспансер пациенттерінің тағдыры туралы мәселе көтерілген.
- Біз, әрине, мұндай жағдайдың туындайтынын алдын ала ойластырғанбыз, - дейді бас онколог. - Жаңа орталықта құрылыс жұмыстары аяқталысымен, облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қолдауымен онкологиялық науқастарды жекеменшік медициналық ұйымдарға жібермеу туралы шешім қабылданды. Көшкен кезде облыстық аурухана қанатында болған стационарымызда, қазір провизорлық орталық болып жабдықталған орнымызда төсек-орындары мен жабдықтары бар 25 кереуетті, 20-дан астам жиһаз бен сплит-жүйелерді қалдырдық. Жаңа ғимарат құрылысы, медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, онкологиялық ауруларды жаңа орталыққа орналастыру туралы шешімді қолдаған өңір басшысына алғыс білдіргім келеді. Көшіру жұмыстарына белсене қатысқан ұжымға, әскери, қалалық құрылымдарға рахмет. Қазір біз химиотерапевтік бейіндегі науқастарға, паллиативтік бөлімшеге, сәулелік терапия алатын пациенттерге және реанимация бөлімшесіне 80 төсек-орын аштық. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 95 пайызға жетті. Құрылысшыларға, бас мердігерге, тапсырыс берушілерге, демеушілерге осынау қыруар шаруаны атқарғандары үшін алғыс айтамын.
Сондай-ақ ол зертхана, госпитальдық фармация бөлімшесі, емханалық қызмет ұйымдастырылған, барлық коммуникациялық жүйелер жүргізіліп, жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Жақында гистологиялық зертхана, хирургиялық блок іске қосылады. Науқастарға арналған еуропалық стандартты көпфункционалды кереуеттер, қосымша томосинтезі бар сандық маммограф және басқа да жабдықтар жолда келе жатыр.
Келушілер үшін тепловизоры бар, компьютерлік бақылау жүргізетін және деректерді автоматты түрде мұрағаттайтын дезинфекциялық туннель орнатылады. Қазір нысанды кезең-кезеңмен пайдалануға беру жұмыстары жалғасуда. Нұрлан Жариев атап өткендей, орталық мамандарының спектрі жаңа кадрлармен толығады. Олардың арасында ғылым докторлары да бар. Мамандар жаз маусымының аяғына дейін келеді деп күтілуде. Диспансер басшысы коронавирус жұқтырудың алдын алу болдырмау үшін орталыққа түскен кезде пациенттердің КТ нәтижесі және covid-ке теріс талдау туралы анықтамасы болуы тиіс екенін айтты. Бүгінде палаталарда орналасқан пациенттер тиісті ем алып жатыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА