Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Оңалту орталығы» КММ-сі тірек-қимыл аппараты бұзылған инсульттан кейінгі оң жақ сол жақ гемипарез бір жағы жасамайтын жағдайды оңалту, бала жасынан сал ауруына шалдыққан, жол апатына ұшыраған, мүгедек арбасына таңылған, омыртқа ауытқуына шалдыққан, аяқ қолы құрысып сіңірлері тартылған, аяқ ұйып тамырлары тартылған, белден төмен жансызданған мүгедектерге физиологиялық жүрісті жаттықтыру, ағзаның локомоторлық қызметтерін қалпына келтірумен және отадан кейінгі оңалту шараларымен айналысады.
Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтерді пайдаланады.
Ашылғанына 2 жыл болған орталық осы уақыт ішінде 445 адамға тиісті қызмет түрлерін көрсетіп, 147 адамда оң өзгерістер болды. Биыл осында қызмет алған 58 адамның он үші оң өзгеріске жетті.
Орталық басшысы Дина Сейдалиеваның айтуынша, мұндағы сапалы жабдықтардың көмегімен мүгедектерді оңалтуда жақсы нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болып отыр.
- Орталық Германияда жасалған 3 оңалту тренажерымен қамтамасыз етілген, - дейді Дина Оразалықызы. - Көпфункциялы 5 оңалту тренажерының қызметін атқаратын оңалту тренажеры мойын, бел, арқа, кеуде, қол, аяқ бұлшық еттерін созу, бүгу, тарту арқылы адам бойындағы бүкіл бұлшық еттер қимыл-қозғалысқа енеді. Бұл адам бойындағы бұлшық еттердің топтасуынан, буындардың, аяққа құяң сары су жиналудан, мойын, арқа бел омыртқаларына тұз жиналудан сақтайды. Өз бойын ұстай алмайтын адамдар үші арнайы белдіктермен бекітіп қоямыз. Бұл аппараттың инсульт алған адамдарға аса пайдалы екенін көріп жүрміз. Тартылып қалған аяқ-қол сіңірлерінің жазылуына, жазылмайтын саусақтары жазылып, ұстай алатындай жағдайға жетіп, көтергіш құрылғыны күніне бес рет көтеретіндей нәтиже берді. Ал интервалдық вакуумдық әсер ету аппараты ішіне адам белден төмен қарай кіргізіледі. Ішінде иондық ауа бөлініп, массаж жасау арқылы тері мен ет арасындағы талшықтардың жұмысын жақсартады. Адам бойындағы ұсақ және күре тамырлардың жұмысын жақсартады, тамыр бойында қан ұюынан сақтайды, қан қысымын қалыптастырадығ жансызданған нервтерді жандандырады. Әсіресе, егде жастағы адамдар мазасызданып, түнімей ұйықтай алмай, аяқтың сырқырауы, аяқ сіңірлерінің тартылуы, белдің сырқырауы мазалайтын қызмет алушылар тынышталып, ауруы басылып, жандары жай табуда. Ағзаның локомоторлық қызметін қалпына келтіруге арналған эргометриялық оңалту жүйесі де өте тиімді. Егер адам бойын тіктеп тұра алмаса, процессор арқылы келетін ауаның көмегімен салмағын сезінбейтіндей етіп космосқа ілеміз. Бұл үшін адамның салмағына, мөлшеріне қарай арнайы костюмдермен қамтамасыз етілген. Адам өздігінен аяғын көтере алмайтын тек бір аяғына салмақ салатын жағдайда тізесіне, балтырына манжетпен бекітіп жүрісін жеңілдетуге көмектеседі. Адамның жүрісін, жылдамдығын, жүрек соғысын бақылайтын монитор жұмыс жасайды. Телебейнеден қадам алшақтығын, кедергілерден өтуін, табан бойында қан жүрісін бақылайды.
Осындай керемет құрылғылары бар орталықта қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орталыққа жол картасы бойынша республикалық бюджеттен ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 11 138 000 теңге қарастырылған. Жұмысты конкурс арқылы «Карнаков» ЖК ұтып алып, жөндеуге кіріскен. Жөндеу жұмыстарына мекеме кіре берісіндегі баспалдақты ережеге сәйкестендіріп қайта жасау, мүгедек арбасына арналған пандус жасату, есіктерді кеңейту, ережеге сай ерлер және әйелдерге арналған жуынатын бөлмелер және әжетханалар жабдықтау, тренажер залын жабдықтау, мүгедектерге арналған тактилдік плиталар мен контрастық сары жолақтар қауіпсіздік белгілерімен жабдықтау жатады. Сондай-ақ қызмет алушыларды интернет және арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі адамдар әлеуметтік желілерді меңгеруі бағытында 2 компьютер интернет желісіне қосылып, қызмет алушылар интернеттен ақпараттар алуы үшін арнайы бөлме жабдықталып жатыр.
Сонымен қатар қызмет алушыларды олардың туыстары бейне камералар арқылы онлайн режимде бақылай алатындай жағдай жасау үшін жаңа ғимараттағы емдік шаралар жүргізілетін 16 бөлмеге камералар орнату жөнінде баға ұсыныстары жасақталып жатыр. Көп ұзамай осынау жұмыстар ойдағыдай аяқталып, қызмет сапасы арта түседі деп күтілуде.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА