«Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, мұқабасы жұп-жұқа бірақ-тағы» – деп ақын Қ.Мырзалиев айтқан, қалың тарихтың бір тарауы кешегі өткен жойқын соғыс – Ұлы Отан соғысы.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толып отыр. Бұл соғыс кезінде елімізді фашист басқыншылары таптамаса да, жерімізде соғыс қимылдары болмаса да, Маңғыстау халқы соғыстың барлық қиыншылығы мен ауыртпалығын көтерді, суық пен аштықты көрді, соғыста туғандарын, жақындарын жоғалтты. Қазіргі кезде тарихшыларымыз өткен тарихтың ақтандақ беттерін көтеріп, тарихқа әр түрлі көзқарастар айтып, бағалар беруде. Алайда қаншама колхозшы, жұмысшы, еңбек адамдарының маңдай терін, еңбегін бүкіл бір елдің сол бір ауыр жылдардағы өмір тарихын ұмыту мүмкін емес. Оған куә – сарғайған құжат жолдары...
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Гурьев облысының құрамындағы Маңғыстау өлкесінде негізінен екі аудан – Маңғыстау және Форт-Шевченко аудандары болды. Маңғыстау ауданы соғыс алдында 1939 жылы Форт-Шевченко ауданын өз алдына бөлек шығарды да, негізгі сала – мал шаруашылығымен айналысты. Аудан экономикасының негізі – мал шаруашылығын жедел дамыту, малды сұраптау, тұқымын асылдандыру, өнімділігін арттыру – басты міндеттер болатын. Осынау міндеттерді жүзеге асырудың нақтылы шаралары жасалып, аудан еңбекшілері іске жұмыла кіріскен, алғашқы нәтижелердің дәмін тата бастаған кезде, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Маңғыстаулықтар соғыс жағдайына сай бұрынғы бағыт пен бағдарды қайта қарады, барлық саланы әскери тәртіпке бағындырды. Кәнігі малшылардың біразы майданға аттанды. Олардың орындарын әйелдер мен жастар басты. Малшылар қауымына келген жаңа лекті үйрету, жауапкершілікке баулу, қиыншылық алдында мұқалмастан, оған қарсы тұра білетін қасиетке шыңдау керектігі анықталды.
Аудан экономикасы негізінен мал шаруашылығы болуына байланысты еңбекшілер «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген уақыт талабын басшылыққа ала отырып, малды өз төлі есебінен өсіруге, соғыс уақытының талабына сай шаруашылық жұмысты қайта кұрып, майданға көптеп көмек беруге тырысты. Соғыс басталар қарсаңында Маңғыстау ауданында 1 балық шаруашылығы, 28 мал шаруашылығы колхоздары, барлығы 20 сиыр, 29 жылқы, 28 түйе, 28 қой фермаларында 2360 сиыр, 6 533 жылқы, 2663 түйе, 40193 қой, барлығы 51700 бас мал болды. (Балық шаруашылығы өз алдына бөлек әңгіме. Р.С.).
Кеңестер депутаттары Маңғыстау аудандық атқару комитетінің, аудандық партия комитетінің 1941 жылғы 13 тамыздағы, 23 қыркүйектегі өткен мәжілістерінде ауданның ауыл шаруашылық орындарында соғыс уақытының талабы бойынша қайта құру және ер-азаматтардың майданға көптеп кетуіне байланысты үй шаруасындағы әйелдерді шаруашылық жұмыстарына, құрылыс мекемелеріне кеңінен тартып, олардан маман жұмысшылар даярлау туралы мәселелер қарап, онда шаруашылық басшыларына жұмысты майдан қажеттерін өтеу үшін жүргізу, еңбек тәртібін қатаң сақтау, еңбекшілердің бірлігін, ұйымшылдығын, қырағылығын, іскерлік қабілетін арттыруды тапсырды. Малшылар жемшөптің тапшылығына, шабындық, жайылымдық жерлердің қуаңдығына қарамастан барлық мүмкіндіктерді пайдаланды.
Дәстүрлі әдіс – малды жайып бағу үшін шұрайлы жайылым учаскелерін іздеу, уақытша қос болып, көшіп қонуға машықтану мал шаруашылығымен айналысатын барлық адамның абыройлы борышы еді. Олар Үстіртті игеруді көздеді. Мемлекеттік жер қорындағы Үстірт ауданы – малдың жазғы жайылымына таптырмайтын қоныс. 1942 жылдың мамыр айында аупартком бюросында шалғайдағы Үстірт мал жайылым учаскесін игеру жөнінде шешім қабылданды. 10 колхоздың (Жыңғылды, Ұшқын, Орпа, Жаңажол, Алғабас, Жаңа қорған, Қызыл қорған, Елтай, Бірлік күш, 1-Май) малын жаңа жайылымға көшіру ұйғарылды. Алдымен малшыларға жағдай жасаудың жолдары қарастырылды. Қызыл отау, дүкен, бастауыш мектеп ұйымдастырылды. Арнайы мәдени жасақшылар арқылы сауат ашу мектебі жұмысын жалғастырды. Үгітшілер тобы құрылды.
1941 жылдың қаңтарында аудан көлемінде 14 мың мүшесі бар 3373 жанұя, бір балықшы колхозын қосқанда, 27 колхоз болды. Колхоздар 89135 бас мал өсірді. Мал басы 1940 жылмен салыстырғанда 109,8 пайызға көбейді. 1941 жылы аудан колхоздарында еділбай тұқымды қойларды қаракөл тұқымды қойлармен будандастыру қолға алынған еді. Ең алғаш 39642 саулық қолдан ұрықтандырылды. Соғыс басталғанда Қызыл Армияға 252 ең таңдаулы жылқы жіберілді.
Ауданда ауыл шаруашылық еңбеккерлері егіншілікпен де айналысты. 1941 жылы 143 гектарға, 1943 жылы 406 гектарға әр түрлі дақыл екті. Краснодар өлкесі колхозшыларының үндеуіне сай, Жыңғылды, Ақырап колхоздарының егіншілері Отан қорғау қорына арнап егін салды.
Маңғыстаудың жер асты байлықтарын зерттеген барлаушылар өзге қазба байлықтар түрімен бірге Маңғыстау көмірі жайында да нақтылы деректер жинады. Елімізде отын энергетика қажетін өтеу мақсатында Маңғыстау көмірін игеру жөніндегі нақты шешім 1939 жылы алынды. СССР отын өнеркәсібі Халық комиссариаты өзінің бұйрығымен одақтық шахта құрылысы басқармасына Маңғыстаудан тәулігіне бір мың тонна көмір өндіретін 6 шахта салуды, 3-бесжылдық аяғына дейін жылына 1 миллион тонна көмір шығаратын 12 шахтаны толық іске қосуды тапсырды. Шахтерлар поселкесін салу үшін 234 гектар жер бөлінді. Шамамен 10 мың адамдық тұрғын үйлер салу, парк орнату үшін терек отырғызатын алаң болады деп белгіленді (Көмір өндірісі өз алдына бөлек әңгіме Р.С.).
Аудан азаматтары соғыстың алғашқы айларынан бастап Қызыл Армия қатарына майданға алына бастады. Көптеген жанұялардың бас көтерер ер-азаматтары қолына қару алып, майданға аттанды. Ауданда Қызыл Армия жауынгерлерінің отбасыларына, соғыстан жараланып қайтқан мүгедек азаматтарға үнемі көмек көрсетіп отырды. Мысалы, 1943 жылы наурыз–желтоқсан айларында айлық жарияланып, барлық әскери жауынгерлер үй-ішінің тұрмыстары тексеріліп, қорытындысы бойынша аудандық жабдықтау бөлімінен 798 жанұя ақшалай көмек алды. 968 жанұя соғыс салығынан, 688-і міндетті салықтан босатылды. Аудан орталығындағы жанұяларға 125 тонна отын түсіріліп беріліп, 3207 жанұя жұмысқа орналастырылды. Аудандық жабдықтау бөлімі құрылғаннан бастап, 1943 жылдың аяғына дейін аудан еңбекшілерінің инициативасымен әскери қызметкерлер отбасыларына көмек үшін 112 349 сом ақша, 219 бас мал, 943 килограмм түрлі азық-түлік, 7289 дана түрлі сырт киім жиналып, сауда орнынан 110 метр мата бөлініп тексеру барысында күйсіз деп танылған 1333 жанұяға осы заттар көмекке берілді, отын, жарықпен қамтамасыз етілді.
Ер-азаматтар майданға аттанғанда, олардың орнына қалған әйелдер үлкен жұмыс атқарды. 1944 жылғы сәуірдегі есеп бойынша 52 әйел партия қатарына алынды, 368 кадр жоғарылаған болса, оның 128-і – әйелдер. Колхоздар мен жергілікті Кеңестер жанынан 32 жерде құрылған әйелдер кеңесінің жұмысына олар белсенді түрде қатысты. Соғыс жылдарында ауылдық Кеңес төрағалығына – 13, төраға орынбасарлығына – 12, ферма меңгерушілігіне – 52, басқа шаруашылық жұмыстарға 1189 әйел ұсынылған. Маңғыстау аудандық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмысы жөніндегі хатшысы И.Жанболатовнаның 1943 жылы 23 қазанда облыстық партия комитетінің хатшысы Бегалиеваға жазған баяндамасында: «Отан соғысы басталмастан бұрын аудан көлемінде тек қана 14 әйел жұмыс істеген. Қазір 150 әйел ауданның басқару орындарында жұмыс жасап отыр. Оның ішінде ауылдық Кеңес төрағалары – 3, колхоз төрағалары – 5, төрағаның орынбасарлары – 6, қой фермасының бастықтары – 5, сиыр фермасының бастықтары – 11, мал бригадирлері – 7, егіс бригадирлері – 6, бұлардан басқа 250 әйел бас малшы болып жұмыс істейді. Көмір тресінің қарауында 363 әйел жұмыс істейді. 5-шахта өндірісіндегі 15 стахановшы әйел, 7-шахта өндірісінде 12 стахановшы әйел бар. Олар күнделікті жұмыс көлемін 116-150% орындайды. Аудан бойынша 63 әйел партия мүшелігіне қандидат, 380 әйел мен қыздар комсомол мүшелері».
Майданға көмектесудің ең бір маңызды саласы – Қызыл Армияға жылы киім жинау жұмысы. Шаруашылықтар мен мекемелер ұжымдарында майданға жылы киімдер мен сыйлықтар жіберу жұмыстары жиі жүргізіліп, соғыс жылдарында Маңғыстау және Форт-Шевченко аудандарының еңбекшілері 2140 тон, 564 жұп тоқыма шалбар мен күпі, 1675 жұп байпақ, 1782 жұп етік, 10927 жұп қолғап, 24689 жұп шұлық, 8713 жұп шұлғау, 2 961 бас киім (бөрік), 1978 қой терісін, 2824 жамылғы-көрпе жинап, майданға жіберді. Сонымен қатар аудан еңбекшілері Отан қорғау қорына 1941 жылдың өзінде 155 мың сом ақша, 150 мың сомдық облигация, 10 530 грамм күміс, 2500 дана тері, 10 тонна жүн тапсырды. Қазақстан жастарының танк колоннасы қорына 2200 сом жіберіліп, «Советтік Қазақстан» авиаэсквадрильясы құрылысына және басқаларына 1 634 712 сом ақша жиналды. Соғыс кезінде 9 896 395 сомға ақшалай-заттай лотерея, әскери заем сатып алынды.
Аудан еңбекшілері өздерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында соғыс уақытының қиындығына қарамастан жылма-жыл мал басының өсуін қамтамасыз етіп, тапсырылатын ет, сүт, жүн өнімдерінің жоспарын асыра орындап отырды. Мысалы, 1942 жылдың жоспары аудан бойынша жылқы өсіруден 105,6 пайызға, ірі қара өсіруден 115 пайызға, қой-ешкі өсіруден 111 пайызға асыра орындалды, ал 1943 жылы мемлекеттік мал өсіру жоспары асыра орындалып, нәтижесінде жоспардан тыс 9 952 бас мал артық өсірілді. Қоғамдық малға жайлы қоныс, сулы, нулы, жайылым жер іздеп, аудан малшылары 1943 жылы Сенек-Сумса шалғай жайылым учаскесін игерді. 1944 жылы Үстірттегі «Ешкі қорған», «Уәли қатшы» жерлеріндегі жазғы жайылымдарды игерді. 1944-1945 жылдары «Жоғары Маңғыстау», «Ащы сан құдық», «Тұщы сан құдық», «Аққұдық», «Қара ішік», «Түйесеңгірлі» қысқы жайылым учаскелеріне қоныстанды. Осындай шараларды жүзеге асыру нәтижесінде малдан шығын бермей, өз төлі есебінен өсіруге мүмкіндік алды.
Еңбекшілердің қажымас қайраты, жеңіске деген құштарлығы арқасында соғыс жылдарында мал басы 1941 жылмен салыстырғанда жылқы 6533-тен 9 717 басқа, сиыр 2350-ден 5830 басқа, қой 40 193-тен 90 959 басқа өсіп, аудан экономикасы айтарлықтай нығайды. Аудан малшылары 1942 жылы өз салаларын өркендету жолындағы социалистік жарыста жүлделі орынға шығып, республиканың ауыспалы Қызыл Туына ие болды.
Маңғыстау түбегі малшыларының соғыс жылдардағы жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 1948 жылы 13 адам Ленин орденімен, 10 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Өлкеміздің 8 колхозшысына сол заманның аса жоғары награда-марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар: Ұзақбай Есқожаев, Баланжан Қожашова, Кенған Қошақанов, Түржан Құлбеков, Дүйіш Сатыбаев, Сатыбалды Сисенбаев, Дүйсен Бердібеков, Нұрсейіт Бейнеуов.
Архив метериалдарында жекелеген мекемелер мен шаруашылықтардың жетістіктерін жариялаған газет материалдары да кездеседі. Мысалы, облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1943 жылғы 15 желтоқсандағы санында жылдық жоспарды 124,7 пайызға мерзімнен бұрын орындағаны үшін Маңғыстау аудандық өндіріс комбинаты директоры Байтілеуов облыстық құрмет тақтасына ілінген. Еліміздің барлық жерлеріндегідей Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ауыртпалық әйелдер мен жастардың иығына түсті. Олар әке мен аға, асыл жарларын майданға аттандырып, өздері еңбек сапына тұрды. Олардың орындарын жоқтатпауға тырысты. Маңғыстауда бұл жылдары екі мыңнан астам әйел халық шаруашылығының шешуші салаларында еңбек етті. Өнеркәсіп орындарында 397 әйел жұмыс істеді. Оның 49-ы стахановшы атағын алды.
«Маңғышлақкөміртресінің» 5-шахтасының жұмысшылары Кеуелова, Есполаева, Көпбаева, Нұрмағанбетовалар, 7-шахтадан Кециючаева, Бекниязовалар күндік нормаларын 100-125 пайызға орындады. Сталинград майданы кезінде құрылысы қолға алына бастаған Астрахань-Гурьев темір жолын салуға Маңғыстаудан қыз-келіншектер аттанды. Олардың арасында саяси үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін аупартком мен ауаткомның біріккен мәжілістерінде Ә.Шапихов пен К.Ғұсмановты саяси ұйымдастырушы етіп тағайындады. Маңғыстау облысының еңбекшілері Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жеңіс күнін жақындата түсуге өз үлестерін қосты. Ерен еңбек етіп, майданға қолдан келген көмегін барынша берді.
Осы ауыр кезеңде қаншама колхозшы, жұмысшы, еңбек адамдарының маңдай теріне, еңбегіне, бүкіл бір елдің сол бір ауыр жылдардағы өмір тарихына куә – облыстық мемлекеттік мұрағаттағы сарғайған архив құжаттарын пайдалана отырып, біз Маңғыстау ауданының сол кезеңдегі тыныс-тіршілігімен сіздерді таныстыруды жөн көрдік.
(Мақалаға қажет деректер Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатының 9, 184-қорларынан алынды).
Роза СИДЕШОВА,
тарихшы, өлкетанушы