Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай үй терезелерін безендіре бастады. Ерекше эстафетаны қолға алған мұғалімдер мерекелік көңіл-күй қалыптастыруды мақсат еткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Эстафетаны оқу орнындағы Орыс тілі кафедрасының мұғалімдері бастапты. Бөлме терезесін жеңіс тақырыбына сай безендіру арқылы карантинде уақытты тиімді өткізеді. Сондай-ақ бейбіт күн үшін жанын қиған Ұлы Отан соғысының майдангерлерін еске алуға мүмкіндік беріп, уақыт арнайтынын айтады.
«Үйдегі терезе әйнектерін жуып тазалаған едім. Кейін ойыма неге мерекеге орай әйнекті безендірмеске деген идея келді. Қолда бар материалдан «Жеңіске 75 жыл» деп жазып, әйнектерге жабыстырдым. Қағаздарды қию барысында кішкентай жиенім не себепті осылай жазып жатқаным туралы сұрады. Содан соң Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыз бен майдангер қарияларымыз жайлы айтып, тарихи деректермен бөлістім. Бұл оның санасында ұзақ сақталатындығына сенімдімін», - дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Азима Суюналиева.
Бұл челленджге басқа пән кафедраларының оқытушылары, тіпті оқушылар да белсене қатысып жатыр. Қазіргі таңда Ақтаудағы жиырмадан аса үйде әйнекке әрленіп салынған түрлі картина мен ерекше безендірулер бар.
«Өз тереземізді безендіріп болған соң көршілеріміз бен көшеде өтіп бара жатқан адамдардың позитивті реакциясын байқадық. Көбі креативті екен деп жымияды. Ал біз өз балаларымызға соғыстың зардабы мен бейбіт өмірдің маңыздылығын түсіндіргенімізге қуанамыз», - дейді өнер пәні бірлестігінің мұғалімдері.
Сонымен қатар ақтаулық тұрғын Татьяна Коробейникова да #Окна_Победы атты эстафетаға белсенділік танытты. Ол өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде терезені безендіріп жатқан суреттерімен бөлісіп, ел тарихында маңызды мерекеге айналған Жеңіс күнін төтенше жағдайда үйден шықпай атап өтетінін жазған.
«Биыл біз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Менің ойымша, бұл ел тарихындағы ерекше әрі маңызды күн. Елде төтенше жағдай болғандықтан шерулер мен отшашулар ұйымдастырылмайды. Біз бұл күнді әйнекке мерекелік сурет салып, оны безендіріп, үй жағдайында атап өткіміз келеді. Сондықтан #Окна_Победы эстафетасына қосылдық. Өз тереземізді суреттер және аппликациялармен безендірдік», - дейді қала тұрғыны Татьяна Коробейникова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА