Ақтауда коронавирус жұқтырған әйелден туған сәби провизорлық госпитальде жатыр. Одан алынған тест нәтижесі теріс болып шықты. Бұл туралы бүгін өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ләззат Есенғалиева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда науқас келіншек инфекциялық стационарға жатқызылды, барлық ем-дом шаралары ұйымдастырылды. Жанында акушер-гинеколог, медбике инфекционист-дәрігер бар. Ал жаңа туған нәрестенің қасында дәрігер-неонатолог пен медбикелер бар. Жасанды сүт, памперс және балаға қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген. 14 күннің ішінде босанған жас ананың жағдайы қалыпқа келсе, үйіне жіберіледі.
Еске салайық, кеше коронавирус індетін жұқтырған жас ана кесір тілігі арқылы дүниеге сәби әкелген болатын. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, облыстық аурухана мен перинаталдық орталықтың дәрігерлері консилиум жасап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен онлайн арқылы телемедицина ұйымдастырған. Профессорлардың кеңесіне жүгіне отырып, жергілікті мамандар әйелді босандырып алу жөнінде шешім қабылдаған.