Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды мұсылман қауымы үшін ерекше қастерлі Рамазан айымен құттықтаймын!
Қазақ халқы ежелден рамазан айын ізгілік пен мейірімділікке, имандылық пен игілікке үндейтін, бірлік пен берекеге бастайтын «Он екі айдың сұлтаны» деп қадірлеген. Қасиетті айда кең-байтақ қазақ елін мекен еткен мұсылман қауым өкілдері, сондай-ақ өзге ұлттар мен ұлыстар ынтымаққа ұйысады. Қонақжайлылық пен қайырымдылық арнасы кеңіп, қамкөңіл жандарға төгілетін мейірім шуағы молая түседі.
Бүгінгідей елімізде орнаған төтенше жағдай тұсында көмек пен қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын созған барша азаматтар ізгі амалдары үшін мол сауапқа кенелеріне сенім мол.
Құрметті жерлестер!
Тамыры тереңге бойлаған діни дәстүріміз рухани дүниеміз бен бойдағы асыл қасиеттеріміздің кемелденуіне зор ықпал етпек.
Рақым айы-рамазанда ұстаған оразаларыңыз, жасаған әрбір қайырлы істеріңіз бен дұға-тілектеріңіз қабыл, еліміз аман, жеріміз тыныш болғай!
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов