Барша мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айы да келіп жетті. Рамазан – мейірім мен жақсылық айы, сауап пен Құран айы.
Рамазан айында ораза ұстау – ислам бойынша мұсылманның бес парызының бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – делінген. Хадис- шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп, ораза ұстау исламның бас шартының бірі екендігін білдірсе, келесі хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деп, оразаның ұлық ғибадат екендігін айтады.
Биыл елдегі келеңсіз жағдайға байланысты мешіттер есіктері жабылып, рамазан кештеріндегі ғажайып тарауих намазының үні естілмесе де, ауызашар уақытша өткізілмесе де, сауап есіктері жабылмайды. Осы айда бір-бірімізге мейлінше мейірімді болып, көрші-көлем, ағайын- туманың жағдайын біліп, қиналғандарға қамқорлық көрсеткен жөн. Осы айда берілген садақаның сауабы басқа кезге қарағанда жетпіс есе артық болады екен. Сондықтан бұл айда сауапты істерге жарыса жұмылып, көбірек садақа беріп, мейлінше құлшылық етіп, Алла тағаладан елімізді қиыншылықтан құтқаруын сұраған абзал. Ауызашарға арналған қаражатты мұқтаждардың азық-түлік алуына беріп, науқастардың дәрі- дәрмегіне жұмсап, қарызы бар жандардың одан құтылуына көмектесу- сауаптан болар еді. Биыл пітір садақасы 370 теңге, ал, бір күндік оразаның підиясы 1700 теңге болып бекітілді. Пітір – ораза ұстаған жандардың біліп-білмей жасаған күнәлары үшін беретін садақасы болып саналады. Олай болса, Алла тағала рамазан айында ұстаған оразамыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін мол еткей! Әлем мемлекеттерімен бірге, біздің еліміздің де басына түскен қиындықтан құтқарып, жұқпалы індеттің тезірек жойылуына әкелгей! Төтенше жағдай тәртібінде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап жүрген кәсіпкерлер мен билік өкілдері, полицейлер мен әскери қызметкерлер, бір айдан бері өз отбасын көрмей, науқастарға күндіз-түні шипа іздеген ақ халатты абзал жандар-дәрігерлерге Алла разы болғай!
Рамазан айы мүбарак болсын! Халқымыз үшін қиын кезеңде сабырлы болып, жүректегі иманымыз артқай!
Әнуар Елжанов,
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Маңғыстау облысының бас имамы