Облыс бойынша құрылысы жүріп жатқан көлік жолдарынан 103 кемшілік анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның жүзге жуығы республикалық маңыздағы трассаларға қатысты. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, анықталған кемшіліктерді тез арада түзету үшін жол салушы мердігер мекемелер мен оларға тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарға 48 қызметтік хат жолданған.
Жол активтері ұлттық сапа орталығының Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері биылғы жылдың алғашқы үш айында аймақта салынып жатқан республикалық маңыздағы жолдардан 56 рет, жергілікті маңыздағы трассалардан 28 рет сынама алған.
Қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен жол құрылысында қолданылған 160 материал алынды. Өкінішке қарай кемшіліктер тағы да анықталып отыр. Мәселен, республикалық маңызға ие автомобиль жолынан алынған бес сынаманың сапасы нормативтік құжаттар талабына сәйкес келмей шықты. Ал жергілікті жолдардан табылған олқыдық бұдан он есе көп. Іріктеліп алынған 155 жол материалының 56-сы қолданысқа жарамсыз, - дейді филиал қызметкерлері.