Азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында елде төтенше жағдайлар жарияланып, «СОVID-19» коронавирусты инфекциясының таралуын алдын алу шаралары жасалуда. Маңғыстау облысы аумағында карантин режимі енгізілді.
Қазіргі жағдайға орай, Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің жеке құрамы арасында санитарлық бақылау күшейтілді. Инфекция таралуының алдын алу және карантин шараларының сақталуы бойынша іс-шаралар өткізілуде. Жеке құрам жеке қорғану және дезинфекция құралдарымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар жеке құрам арасында «СОVID-19» коронавирусты инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында ПТР талдамасы бойынша барлық қызметкерлерді «СОVID-19» вирусына тестілеу жүргізілді.
Бүгінге дейін тестілеуден департамент аппаратынан, Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы, Маңғыстау ауданының ТЖ бөлімі және №8 өрт бөлімшесі, барлығы 83 қызметкер өтті. Тестілеу қорытындысы бойынша ешкімнен вирус табылған жоқ. Қазір департаменттің қалған қызметкерлерін тестілеуден өткізу жоспарланып отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА