Өмірімнің қырық бес жылын өткізген Бесқала өңірінде екі-ақ адамға арнау өлең арнаппын: бірі − елу алты жасында бақилық болып кеткен әкеме, екіншісі – Бесқала қазақтарының қара нарындай болған Құтмағамбет ағаға.
Әуелгісі он жеті жасымда, арман сапарына балапан құстай енді талпынған шағымда, аяқ астынан келген әке қазасына арналған, жүректен еріксіз тамып түскен бұла жырым еді. Кейінгісін арадан он бір жыл өткен соң, Құтмағамбет ағаға арнаппын. Әрине, таныса сала қалам-қағазға жармасқаным жоқ, араласа келе ұлтжандылығына, азаматтығына тәнті болғандықтан еріксіз қолыма қалам ұстадым.
Мен Құтекеңмен 90 жылдардың басында Нөкіс қаласында таныстым. Ол кезде Құтекең орда бұзар отыздың үстінде, менің жиырма беске енді келген жас жігіт шағым. Сұраса келе, екеуміздің де аталарымыз жаз жайлауы, қыс қыстауы бір − жамағайын адамдар болып шықты. Бірақ біздің етене араласуымызға себепші болған бұл емес, рухани жақындығымыз еді.
Жасыратыны жоқ, бұл аймақтағы қандастарымыздың арасынан республиканы, аудандарды басқарған біраз азаматтар шықты, Бесқала жыраулық мектебі үзілмей біздің заманымызға дейін жетті, ауыз әдебиетінің небір інжу-маржандары осы өңірде сақталды, бірақ қазақ руханияты үшін, әдебиеті мен өнері үшін басын бәйгеге тіккен бір рухани жетекші шыға қойған жоқ еді. Шығуға мұмкіндік те жоқ еді. 90-жылдардың басындағы, әуелі Алланың, одан соң егемендіктің арқасында Құтмағамбет Қонысбайдың Бесқала өңіріндегі қазақ руханиятына, өнеріне, әдебиетіне сіңірген қыруар еңбегін әсте ұмытуға болмас. Ел арасындағы таланттарды тауып, халықаралық айтыстарға, дүбірлі додаларға жіберіп, таланттарын шыңдады.
Құтмағамбат ағаның арқасында Ақтау, Ташкент қалаларындағы ірі айтыстарға қатысып, бағымды сынап, алты алашқа танымал ақындардың алдын көріп қайтуымның өзі менің өміріме үлкен бетбұрыс әкелді деп айта аламын. Ұлттың руханиятын қорғау үшін тек ұлтжандылық, шешендік аздық қылады, сонымен қатар кісімен мәмлеге келетін жақсы мінез, ретті жерінде ешкімнен тайсалмайтын батылдық, парасаттылық, жігерлілік, табандылық керек ғой. Осының бәрі де ол кісінің бойынан табылды.
Әйтпесе, Қарақалпақстанда екі рет халықаралық ақындар айтысын өткізу қиынның қиыны екенін біреу түсінер, біреу түсінбес. Әйтпесе бұрын-соңды айтыс өтіп, айтыскер ақындар көріне қоймаған жерде еларалық деңгейде айтыс өткізу қайдан оңай болсын.
Құтекең ұйымдастырған бірінші айтыс 1992 жылдың қазан айында Нөкіс қаласында өтті. Бердақ атындағы кинотеатрдың мың адамдық залында ине шаншар орын болған жоқ. Халық ұзақ қол шапалақтап, айтыстың басталуын тағатсыздана күтіп отырды.
Кенет айтыстың ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Құтмағамбет Қонысбай сахнаға шығып, қолындағы домбырасын күмбір-күмбір қағып жіберіп, халыққа, ақындарға арнаған арнауын бастап кетті:
...Арманым емес бұл тек менің ғана,
Ботадай боздап өтті қанша аға.
Еркіндік, тәуелсіздік талаптарын-ей,
Жаңғыртып өткен жоқ па ата-баба, ата-баба-ай! − деп екпіндете жыр төгіп, әсіресе, орнынан ұшып тұрып, «Иә, аруақ!» деп ұрандата жөнелгенде, халықтың делебесі қозып, залдың іші «қиқуға» толып кетті. Несін жасырайын, маған бұл көрініс бейне Құтмағамбет-сардар бір түмен әскермен ұлт рухын қорғауға бара жатқандай әсер қалдырды. Халқының алдында ағынан жарылған аға арнауынан асқақ арманын, мұң-шерін есіткендей болдым.
Нөкістегі халықаралық айтыс осындай биік рухпен басталған еді. Бұл айтысқа Маңғыстаулық өнерпаздар да қатысты. Оларды сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сағидолла Төленов пен Маңғыстаудың марғасқасы атанған ақын Сабыр Адай бастап барды. Сол жыр додасында суырып салып, түйдек-түйдегімен жыр төккен арқалы ақын Сабырдың жүзден озған жүйріктей суырылып алға шығып, өзіне бас бәйге есебінде берілген қомақты ақшадан бас тартып, «Жаңа құрылып жатқан осындағы Қазақ ұлттық-мәдени орталығына қосқан үлесім, соны құрған жігіттерге мінгізген атым болсын» деп тастап кеткен мәрттігіне бесқалалықтар риза болған еді.
Сонымен қатар, бұл айтысқа Жетісайдан жыршылар, Мырзашөлден Бөрібай Оразымбетов, Қарақалпақстаннан Айтбай Айтжанов, Қабылбай Ұлықпанов, Амангелді Бұғабаев сияқты ақындар қатысып, басқа да көптеген әнші-термеші, күйшілер айтыстың көрігін қыздырып, Нөкіс аспанында қазақ әні қалықтаған бір тамаша кеш болып еді.
Сол жылдары Құтмағамбет Қонысбай Маңғыстау мен Қарақалпақстан қазақтарының арасында мәдени байланыс орнатуға көп еңбек сіңірді. Арнайы Ақтау қаласына барып, ондағы ұлт зиялыларымен, ақын-жазушы, журналистермен етене араласып, екі өңір арасындағы көне сүрлеудей үзілуге шақ қалған мәдени байланысты қайта жаңғыртты.
1993 жылы тағы да Құтмағамбет Қонысбайдың ұйымдастыруымен Нөкісте, Хожеліде, Қоңыратта айтыс, ақын-жазушылармен кездесулер өтіп, маңғыстаулық бауырларымызбен шұрқыраса қауыштық. Бұл жолғы ағайындарды тағы да Сағидолла Төленов пен қазақтың ғажайып ақыны Светқали Нұржан бастап барды. Сол жолы біртуар ақын Светқали Нұржанның бесқалалық қандастары арасындағы әдебиетке, поэзияға талабы бар жастарға бағыт-бағдар беріп, таланттарының маздап жануына ұшқын тастап кеткендігін сеніммен айта аламын.
Маңғыстаудан Қамбар Оразов, Жарас Көрпалиев, әскери борышын Ақтау қаласында өтеп жатқан қарағандылық Есенгелді Қабыкенов, Нұрлан есімді (фамилиясын ұмыттым, Қосымбаев Нұрлан емес) ақынның, Қарақалпақстаннан Айтбай Айтжанов, Жарас Нұралиев, Нұржамал деген айтыскерлер мен ақындар Рахмет Аяпбергенов, Ахмет Өмірзақтардың басын қосып, халқының алдында ақтарыла жыр оқытқызған тағы да осы-Құтмағамбет.
Ана бір жылдары «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек...» деген тақырыппен өзі басқарып отырған «Достық үні» газетінің үш бетін алған Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовке арнаған Ашық хатын жариялап, ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тігуге дейін барды. Құтекеңнің Ашық хатынан Қарақалпақстан қазақтарының жан айқайы естіліп тұрды. Баяғы найза ұстаған аталарының қаны тамырында ойнаған жолбарыс жүректі азамат осындай нартәуекелге барып, ұлт мүддесін жалаулата білді. Осы азаматтығына, осы ерлігіне риза болған мен ағаға өлең арнағанмын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Құтмағамбет Қонысбайдың халқына жасаған жақсылығын, талайларға тигізген шапағатын түгел қамти алмасақ та, солардың кей тұсын тілге тиек ете отырып, Құтекеңнің өмірінің Маңғыстауға қатысты тұстары туралы да бір-екі ауыз айта кеткіміз келіп отыр.
Ол кісінің ең үлкен ісінің бірі − Бесқала өңірінде тұңғыш қазақтілді басылым − «Достық үні» газетін ашу болса, оның бірінші нөмірін Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында бастырған. Мен Маңғыстауға − атақты Ғани Мұратбаевтың 90 жылдығына орай өткізген айтысқа қатысуыма да (сонда мен үшінші орын алғам) ағамыздың себі тиген. Ал ол кісінің Қарақалпақстанда екі рет еларалық айтыс өткізген кезде де маңғыстаулық айтыскерлерді шақырып, қатыстырғанын жоғарыда айтып өттік. Оның себебі, Құтмағамбет ағамыздың 360 әулие шыққан қасиетті өлкенің ардақты азаматтарымен сыйлас екендігінде болса керек.
Шынына келгенде, өткен ғасырда Бесқалада ел қамы үшін белсеніп, халқы үшін аянбай еңбек етуі − қазақта ондай мықты адамдардың аз екенін байқатқан. Сондықтан біз де ақын ағамыздың уәжіне тоқтап, ағамызға алдағы кезде де сол қалпыңыздан таймаңыз, қазағыңыз үшін ізігілік жолында тер төге беріңіз дегім келеді.
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ