©
"Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің шығынынан 45 пайызы жұмсалады деп күтіп отырмыз. Бірақ әлеуметтік блокта бірқатар мәселелер бар. Сондықтан мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым. Сонымен қатар, бұл ақшаны әкімдер мен үкімет дұрыс жұмсауы керек. Соны қатаң бақылауда ұстаймын", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзінде. Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Президент бірқатар тапсырма берді. Оның бірі - көп балалы аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағытта мұндай отбасыларға берілетін жәрдемақы өсірілмек. Қазақстанда 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы бар. Қазірдің өзінде жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. "Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың ғана отбасы атаулы көмек алады екен. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақасы ең аз адамдардың айлығы 30 пайызға, аймақтардағы атқарушы органдар қызметкерлерінің айлығы 25 пайызға өсірілмек. Сондай-ақ мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асырушылаға берілетін жәрдемақы 30 пайызға өсірілетін болды.