©
Көп балалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Президент съезде әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін 40 мың пәтер салынатынын жеткізді. "Баспанамен қамту мәселесі де маңызды. Үкіметке "Нұрлы жер" арқылы 40 мыңға жуық пәтер салуды тапсырамын. Ол аренда жүйесіндегі пәтерлер болады және әлеуметтік аз қамтылғандарға арналады", - деді Президент. Н. Назарбаев осы санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетігін әзірлеуді тапсырды. "Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.