Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін жасөспірімдердің жазғы олимпиадасына қатысушыларды ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің өкілдері, бапкерлер мен спорттық делегацияның жалпы құрамы қатысты. Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 22 түрі бойынша 57 спортшы қорғайды. Отандық спортшылар жасөспірімдер Олимпиадасына 41 жолдама жеңіп алды. Биыл жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылар саны әлдеқайда көп.
Осымен үшінші рет өткізілгелі отырған дода 2010 Сингапурде, 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен. Оған 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатыса алады.
-4 жылда бір өтетін жарыс. Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан сәттілік тілейміз. Алдыңғы екі олимпиадада біздің құрама өте жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Сіздер ол көрсеткіштен асып түсіңіздер. Ақ жол! – деді салтанатты рәсімде сөз алған ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов атлеттерге сәттілік тілеп, құттықтау лебізін білдірді.
Олимипиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы, «Азия балалары» халықаралық ойындарының жеңімпазы Дамир Тойбай ұстап шығады. Боксшыға туды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков табыстады.
-6-18 қазан аралығында Аргентинада өтетін олимпиада ойындарында өнер көрсететін спортшылар атынан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Біз ұлттық құрама мүшелері аталған ойындарда әлемнің ең мықты атлеттерімен күш сынасып, Қазақстан намысын қолдан бермей, ел байрағын көкке желбіретуге барымызды саламыз. Еліміздің көк байрағы маған сеніп тапсырылды. Сондықтан бұл мәртебенің аса қатты жауапкершілік жүктейтінін сезінемін. Өзіме көрсетілген зор сенімді ақтауға тырысып, туымызды спорттық аренаның биігінде алып өтемін және осы халықаралық сайыстан абыроймен ораламыз деп уәде беремін, - деді жас спортшы Дамир Нұрланұлы.
Еске сала кетейік, Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындары 6-18 қазан аралығында өтеді.
III жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айресте өтеді. Төртжылдық додасына 206 елден 15-18 жас аралығындағы 3926 спортшы қатысады. 32 спорт түрі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс бағдарламасына алғаш рет брейк-данс, каратэ, спорттық құзға өрмелеу, роллер-спорт, жағажай гандболы және футзал енді.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандықтар сегіз медаль жеңіп алды. Біздің құрама спортшылары үш алтын, бір күміс және төрт қола медальмен оралған еді. Бауыржан Жауынтаев (дзюдо), Абылайхан Жүсіпов (бокс) және Қуатбек Мұхамбет (еркін күрес) Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 21-ші орыннан көрінді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Дереккөз: olympic.kz
https://www.youtube.com/watch?v=PmyPvlP_DXw&feature=youtu.be