©
Ақтауда «Aktau Chess Open» халықаралық шахмат турнирі өтпек. Халықаралық турнир Маңғыстаудың көрнекті қоғам қайраткері және беделді қазақстандық шахматшы Сағындық Рабаевты еске алуға арналған. Жарыс қазан айының 12-14 күндеріне белгіленген. Ал 11 қазан күні турнирдің салтанатты ашылуы өтеді.
Сайысқа еліміздің әрбір облысынан, сондай-ақ Ресей, Белоруссия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерінен шахматшылар қатысады. "Aktau Chess Open" турнирінің фавориттері құрамында – елордамыз Астана қаласының спорттық намысын қорғайтын қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев және Белоруссияның гроссмейстері Кирилл Ступак бар. Жарысқа қатысуға ниеттілердің бірі - әлемнің бес дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева.
Aktau Chess Open турнирінің мақсаты – ҚР-да және Маңғыстауда шахматты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдер арасында шахматты дамыту, шеберлік деңгейін көтеру, Каспий маңы елдерінің және ҚР өңірлерінің шахматшыларының өзара қарым-қатынасын нығайту.
Жарыс 6 турнирден тұрады. Алғашқы күні 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер бағын сынайды. Яғни 12 жасқа дейінгі қыздар бөлек, ер балалар бөлек сайысқа түседі. Жарыстың екінші күні барлық қатысушылар қатысатын "Open" жарысы болады. Ал үшінші күні блиц жарыс өтеді.
"Aktau Chess Open" халықаралық сайысының жеңімпаздары медальдармен, дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.Айта кетейік халықаралық турнир Ақтау қаласы 4 шағынаудан Абай мәдени демалыс кешенінде өтеді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ