Елордада «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік, сондай-ақ 1000 АЕК (2 млн 405 мың теңге) көлемінде сыйақы табыс етілді.
Конкурс қорытындысы бойынша, 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды.
Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Baq.kz порталының хабарлауынша, «2018 жылдың үздік педагогі» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы мұғалімдерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен.
Биыл аудандық және қалалық турларға қатысқан ұстаздар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп болған.
[caption id="attachment_62570" align="alignnone" width="1280"] Ақтау қаласы №8 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Дина Бегейбай[/caption]Байқауда Маңғыстау облысының үш мұғалімі жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Ақтау қаласы №8 орта мектепте 2008 жылдан бері қызмет етіп жүрген география пәнінің мұғалімі Дина Бегейбай, Маңғыстау ауданы Онды ауылы Ә.Кекілбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Саржанова Күнімгүл, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы мұнай және газ колледжінің ұстазы Салқынбаева Фатима "Үздік педагог" атанды.
Атап өтсек, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.
Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысқан. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақымен жəне «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған.