Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің «AirAstana» әуе компаниясының "Алматы–Гонконг" бағытындағы ұшағына билетсіз кіргені мәлім болды.
Бұл оқиға 13 қыркүйектен 14 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайында болған. Ұшақ ұшуға дайындала бастаған кезде бір жігіт түсетіндігін айтады. Оны "Мінген адамдардың қайта шығуға болмайтынын" айтып борт серігі тоқтатпақ болғанда ол өзінің шығарып салушы екендігін айтқан. Куәгерлердің айтуынша ол отбасын VIP салонға орналастыруға, шығарып салуға кіргенін айтқан. Осылайша әуе командирі жолаушыларды қайта тексеруге мәжбүр болып, ұшақ уақытынан кешігіп ұшқан. Кейін анықталғандай ол азамат әнші Төреғали Төреәлі болып шықты. Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, Төреғалидің ұшаққа қалай билетсіз кіргені жұртты таңқалдырып отыр.
Әлеуметтік желіде Мұрат Әбенов:
«Челах кінәлі ме енді? Төреғали кім сонша мемлекеттік шекараның тәртібін бұзатын? Ал егер лаңкестер болса ше? Келесіде ұшаққа әлдекімдердің жарылғыш құрылғы алып кірмесіне кім кепіл? Айтқандай, бұл шекарашылардың тарапынан да, шекарадан заңсыз өтушінің тарапынан да қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. ҚР Қылмыстық кодексінің 445-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау ережелерін бұзу екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Әнші де қылмыстық іс жасады. Осылайша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабында мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 1 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Air Astana-ның өзі де, ұшаққа кімнің кіріп шығатынын бақыламайтынын көріп отырмыз. Министр Жеңіс Қасымбек қарамағындағы ведомствада не болып жатқанын біле ме екен? Азаматтық авиация комитеті ахуалды бақылап отыр ма?» - деп пікір қалдырған.
Халық арасында резонанс тудырған оқиғаға ҚР Азаматтық Авиация комитеті де алдын-ала ресми жауабын берді. Комитеттің фейсбук парақшасында былай делінген:«AirAstana» АҚ әуе компаниясының Алматы – Гонконг рейсі бағытындағы ұшақ бортына ешбір рұқсатсыз азаматтың өту оқиғасына орай әуе қауіпсіздігі бойынша инспекциялық тексеру жүргізетіндігін хабарлаған. Енді тексеру барысында оқиғаның мән-жайы тергеліп, анықталмақ. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады».
Ал "AirAstana" әуе компаниясының өкілі Жанна Бадаубаева компанияның бұл жағдайға алаңдап отырғанын айтып, болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін ішкі тергеу жүргізу туралы өтінішпен Алматы әуежайына хат жолданғанын мәлімдеді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды