Ливан астанасы Бейрутта кадеттер мен жастар арасында дзюдодан өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сайыста маңғыстаулық қос палуан жеңіс тұғырынан көрініп, ел қоржынына 2 жүлде қосты. Бауыржан Нарбаев тұғырдың үшінші сатысына көтерілсе, Мұхамбет Зұлхарнаев алтыннан алқа тағынды. Бұл жөнінде чемпионның жаттықтырушысы Жомарт Қобланов мәлімдеді.
- Чемпионат 9-11 мамыр аралығында өтті. Оған барлығы 15 елдің спортшылары қатысты. +90 келіде Мұхамбет Зұлхарнаев Азия чемпионы атанса, жастар арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Бауыржан Нарбаев қола жүлдеге ие болды. Ал 66 келіде Нұрбек Қуанышұлы 5 орынды қанағат тұтты, - дейді Жомарт Қобланов.
Құрлықтық чемпионатта ел намысын 20 спортшы қорғады. Олар жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА