Маңғыстау облысы әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық дамудың мақсатты индикаторларының орындалысы, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу, жергілікті бюджеттің орындалысы, жылыту маусымының қорытындысы мен дайындығы мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.
Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Халила Нұрғалиева осы жылдың алғашқы 4 айындағы аймақтың әлеуметтік экономикалық даму деңгейінен хабардар етті. Оның айтуынша, сәуір айының басындағы статистика бойынша өңір тұрғындарының саны 664 703-ке жеткен. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,2%ды құраған.
Өндірістік өнімнің физикалық көлем индексі мамыр айының басындағы көрсеткіш бойынша 101,5%-ды құрап, 910,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Таукен өнеркәсібінің индексі 101,6%-ға жетіп, 781,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Мұнай өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға артты. Биыл қаңтар–сәуір айларында 5,9 млн. тонна қара алтын өндірілді. «Маңғыстау мұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-да мұнай өндіру көлемі өсіп отыр. Өңдеу өнеркәсібінің физикалық көлем индексі 78,5 млрд. теңгені, яғни 112,2%-ды құрады. Жыл соңына дейін осы саланы 107,5%-дан төмендетпеу жоспарланып отыр, – деді Халила Хабижанқызы.
Оның хабарлауынша, есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция 76,5%-ды құрайды. Осы жылдың аяғына дейін жаңа жобалардың жүзеге асуымен инвестиция көлемі арта түспек. Биыл өңірге 464 млн. теңгеден астам қаржы көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында осы жылы құны 11,5 млрд. теңге болатын 4 жобаны іске қосып, 223 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
- Қаңтар–сәуір айларында 451,1 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Осы жылға 916,3 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарланған болатын. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім 2,9 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес саны өткен жылдың алғашқы 4 айымен салыстырғанда 6,7%-ға өсіп, 48,6 мыңды құрады, – деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Халила Нұрғалиева.
Жиында «Нұр капитал» жобасына арналған 2 млрд. 700 млн. теңгенің 900 миллион теңгесі 47 жобаны жүзеге асыру үшін бөлінгені белгілі болды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов сала басшыларына бірқатар тапсырма беріп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды жүктеді.
Аппарат мәжілісінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Әлібекова қаңтар–сәуір айларындағы жергілікті бюджеттің орындалысы туралы баяндады. Оның мәліметінше, жергілікті бюджетке түскен кіріс көлемі 46,9 млрд. теңгені құрап, жоспар 106,1%-ға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 7 млрд. теңгені құрайды. Аймақтың 4 айдағы шығысы 48,7 млрд. теңге болды. Жергілікті бюд жеттің орындалысы 44,8 млрд. теңге (97,2%) болса, республикалық бюджеттен нысаналы трансферт 3,8 млрд. теңгенің (90,5%) жұмысы атқарылған.
Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Халила Нұрғалиева аймақта жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу барысы туралы айтып өтті.
- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігі енгізілді. Бюджеттің 4-деңгейін бастапқы кезеңде халық саны 2 мыңнан асатын ауылдарда, 2020 жылдан бастап барлық ауылдарда енгізу көзделген. Өткен жыл бойы дайындық жүргізілді. Ауыл әкімдері біліктілігін арттырып, тестілеуден өтті, сертификат алды. Облыс бойынша 31 ауылға дербес бюджет енгізілді.
Атап айтсақ, Маңғыстау ауданында – 8, Бейнеуде – 3, Қарақияда – 4, Мұнайлыда – 7, Түпқарағанда – 4, Ақтауда – 1, Жаңаөзенде 3 ауыл енгізілді. Ауыл бюджеттері аудандық, қалалық мәслихатпен бекітілді. Жергілікті өзін-өзі басқару 4-деңгейлі бюджетінің көлемі 6,7 млрд. теңгені құрады, – деді Халила Хабижанқызы.
Ол өз сөзінде өткен жылы ауылда жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді тіркеуде қиындықтар орын алғанын, салық төлеушілер базасымен жұмыс жасайтын маман бекітуде мәселелер бар екенін жеткізді. Облыс әкімі ауылдардың халық санын, ерекшелігін ескеріп, кездесетін мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар басқару жүйесіне қатысты алғашқы жартыжылдыққа талдау жасауды жүктеді.
Аппарат мәжілісінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков жылыту маусымының бірқалыпты өткенін жеткізді. Алдағы жылыту маусымына дайындық басталып кеткенін, бұл жұмысқа 1 млрд. 89 млн. теңге бөлінгенін хабарлады. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы саласында уақытында аяқталмай, ұзаққа созылған жұмыстарды сынға алып, жауапты басшыларға тапсырма берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ