Маңғыстауда зерттеу экспедициясы жолға шыққаны жөнінде бұған дейін жазғанбыз. Кешенді экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Түркі әлемінің ортақ атажұрты болған Маңғыстауды жақсы тану және өзгеге таныту мақсатын көздеген экспедицияға шетелдік ғалымдар да жұмылдырылды. Атап айтсақ, Ресей, Әзірбайжан, Түркия және Қазақстан зерттеуші мамандары аймақтың киелі жерлерін, ескерткіштері мен қорымдарын, құдықтары мен археологиялық нысандарын аралап жүр. Сапар барысында Маңғыстау жері, халқы туралы шетелдік археологтардың алғашқы күнгі әсерлерін сұрап көрдік. -Мұнда екі күн бұрын келдік. Өте жақсы қарсы алды, қазақтар өте қонақжай халық екен. Жалпы түрік халықтары қонақжай ғой, бірақ қазақтар ол жөнінен рекорд орнатады десем, қателеспеймін. Бүгін таңертең Ақтаудан шықтық, бірнеше бейіт басына бардық. Олардың архитектурасы, күмбездері, безендірілуі, олардың қалай жасалғаны, барлығы мен үшін қызықты. Экспедициямыз енді ғана басталғандықтан, көп қызықтар алда деп ойлаймын. Міне, Сұлтан үпі бейітіне келіп тұрмыз. Мұнда да бізді түскі ас әзірлеп, ерекше құрметпен қарсы алып жатыр. Қуырдақтан дәм таттым. Маңғыстауға жалпы Қазақстанға алғаш рет келуім. Мұнда мен алғаш рет көріп, танысып жатқан дүниелер баршылық. Осы өңірдің ғалымдары, археологтары Кунсткамераның Орталық Азия бөліміне қатысты мамандарды шақыртты. Кунсткамерада Маңғышлақ туралы көптеген мәліметтер бар. Оларды оқып танысқаннан кейін осында келіп, өз көзіммен көруге деген қызығушылық артты деуге де болады. Жалпы Орта Азия туралы айтылғанда Маңғышлақ жеріне, оның тарихына, киелі орындарына ерекше көңіл бөлінетін. Сондықтан менің дәл осы аймаққа экспедицияға келетінімді естігенде қатты қуандым, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, түркітанушы, Кунсткамераның Орталық Азия бөлімінің қызметкері Светлана Белоруссова. Айта кетейік, Кунсткамера – Санкт-Петербург қаласында орналасқан Ресейдің антрополгиялық және этнографиялық бағыттағы алғашқы мұражайы. Зерттеу тобының келесі мүшесі Түркияның Измир қаласындағы Эгей университетінің профессоры, ф.ғ.д. Метин Экиджи. Ол да түркі елдерімен Маңғыстаудың байланысы, ерекшелігі жөнінде ойын ортаға салды. -Мен бұл экспедияцияға қатысуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Себебі Маңғыстау өлкесі оғыз, қыпшақ тайпаларының екінші атажұрты. Яғни, бірінші атажұртымыз – Алтай, екіншісі – осы Маңғыстау. Бүгін Ақтау қаласынан шығып, бірінші Қарағашты мазарына бардық. Ол жерде өте көп қойтастар бар. Яғни, оған қарап, түрік халықтарының өмірі мал шаурашылығымен тығыз байланысты болғанын аңғару қиын емес. Қарағаштыдан табылған тастарда бірнеше түрік таңбалары бар. Олар арқылы түрік мәдениетінен біраз ақпарат алуға болады. Мәселен, киіз үйдің жабдықтарындағы наурызгүлдің бейнесін сол тастардан да кездестірдік. Бір-біріне ұқсас мұндай тастар Әзірбайжанда, Түркияның Анадолы жерінде, Балқанда да бар. Менің туған жерім Памуккаледегі ескі мазар тастары да бұларға қатты ұқсас. Мен Қазақстанның Өскемен, Семей, Орал, Қарағанды, Алматы, Астана қалаларында болдым. Маңғыстауға алғаш келуім. Маңғыстау жері жазық далалы, суы тапшы өлке екен. Бірақ тарихы бай, түркі әлемінен хабар беретін мазарлар, бейіттер көп кездеседі екен. Мәселен, мен Өскеменде мұндай қорымдарды көрмедім. Семейде Абай мен Шәкәрімнің бейіттерінде болдым. Ал мұнда X-XVI ғасырлардың куәсі, сол замандардың іздері жатыр, - дейді ол. Экспедициялық зерттеу тобы әрі қарай сапарын жалғастырды. Бұл ғылыми саяхат мамыр айының 23-інде аяқталады деп жоспарланған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53902,53901,53898,53896,53897"]