Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында (2001-2002ж.т. ұл,қыздар) Азия кубогы өтті. Сәуір айының 12-13 күндері өткен сайыста маңғыстаулық екі спортшы жүлдеге ие болды. Бұл туралы «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов хабарлады.
66 келі салмақта сынға түскен Нұрбек Қуанышұлы – қола, ауыр салмақта Мұхаммед Зұлхарнаев – күміске қол жеткізді. «Жас батыр» спорт мектебінің үздіктерін жаттықтырған – Жомарт Қобланов.
Нұрбек филипиндік, моңғолиялық және тәжік спортшыларын иппон әдісімен жеңді. Төртінші кездесуінде тараздық Уали Алмасқа есе жіберіп, қола жүлдеге таласта өзбек палуанын тізе бүктірді.
Ал +90 кг салмақта 2 орын алған Зұлxарнаев Мұxаммед Тайланд, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшыларын иппон әдісімен ұтты. Бірақ финалда өзбек палуанына есе жіберіп алды.
Айта кетейік, Азия кубогына Қазақстаннан 40 спортшы қатысты. Олар ел қоржынына 4 алтын, 4 күміс, 6 қола жүлде салды. Қатарында біздің Нұрбек пен Мұхаммед те бар.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51873,51870,51872"]