13-15 сәуір аралығында самбо мен дзюдодан жасөспірімдер арасында (2002-2003, 2004-2006 ж.т.) турнир өтті.
Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен турнир самбо мен дзюдо күресінен спорт шебері, Азия чемпионы, әлем кубогының иегері Бекболат Рахатбековті еске алуға арналды.
Сайысқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстаннан 20 команда, 700-дей спортшы өз бақтарын сынады. Елімізден Алматы, ШҚО, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының спортшылары қатысты.
Өңірімізден жарысқа жол тартқан 25 өреннің 11-і жүлделі қайтты. 2 күнге созылған байрақты бәсекеде олар 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медальді қанжығалады. Олардың қатарында "Жас батыр" мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары да бар.
Атап айтар болсақ, 29 келі салмақта Нұралы Саффат (Маңғыстау ауд.), 38 келіде Еркебұлан Аманқос («Жас батыр») алтыннан алқа тақса, 32 келіде Нұрсәт Қанатбаев (Маңғыстау ауд), 38 келі Ернар Нәдірбай («Жас батыр»), +60 келі Мейрамбек Алдаберген («Жас батыр»), 52 келіде Азамат Ақылбаев (Маңғыстау ауд.) күміс медаль иеленді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жауынгерлік самбо спортынан маңғыстаулықтар жүлделі оралды35 келі Ақниет Қонысбай (Маңғыстау ауд.), 38 келі Ердос Бекайдаров (Маңғыстау ауд.), 48 келі Кеңшілік Ізтұрған (Маңғыстау ауд.), 48 келі Диас Өтесов («Жас батыр»), +60 келіде Жолдас Қартбаев (Маңғыстау ауд.) қола жүлдені қанжығалады.
Маңғыстау облысы командалық есепте 3 орынға тұрақтап, кубок пен түрлі-түсті теледидарға ие болды.
Балаларды турнирге дайындаған бапкерлер Жанғали Нұрдәулетов пен Нұржан Айдынғалиев ұйымдастыру комитетінің «Үздік төреші» номинациясымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="sambo" ids="51930,51926,51932"]