Ақтауда 120-ға жуық көгалдандырушы 2017 жылдың соңынан бері жұмыссыз жүр. «Қала Жолдары" мекемесінің жұмысшылары бірнеше жылдан бері атқарып жүрген қызметтері – қаланы көгалдандырудан бірнеше айға себепсіз шеттетіліпті. Бұл туралы жақында белсенді блогер Уайс Ерсайынұлы «Фейсбук парақшасында жазды. Осы мәселеге қатысты ресми түрде жауап беру үшін Ақтау әкімі Ғ.Ниязов және «Қала жолдары» ЖШС директоры Қайрат Хайрушевпен бірге брифинг ұйымдастырылды. Кездесуге көгалдандырушылар мен журналистер қатысып, бірқатар мәселе шешілгендей болды. Сөзімізді әріден бастасақ, Уайс Ерсайынұлы өз жазбасында: «Қызметкерлердің айтуынша, желтоқсан айында жұмысы тоқтаған бұларға қала әкімдігі ақпанның 5-нен бері не басқа қызмет те ұсынбай, не бұрынғы жасап жүрген жұмыстарын да бермей, 130 адамды әуре-сарсаңға салып отыр. Жұмыстарын сұрап, қайта-қайта әкімдікке барса, олар жиналыс өткізіп, сізде күте тұрыңыздар, тендер әлі ойнатылған жоқ" деген желеумен ауызды құр шөппен сүртіп шығарып салады екен. 11 сәуірдегі соңғы жиналыста «собезге жібереміз, сол жерден жалақы алып, әлеуметтік қызметке болып жасайсыңдар» деген ұсыныс жасапты. Жұмысшылардың "бұл жұмыста қанша уақытқа дейін жүреміз, бұрынғы жұмысымызға қайта орналаса аламыз ба" деген алаңына еш кепілдік бере алмайтынын айтыпты», - деп жазды. - Көгалдандыру жұмыстары наурыз айында басталды. ҚР Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес көгалдандыру жоспары конкурсқа берілген. Бұл конкурсқа 5 бірдей мекеме қатысты, нәтижесі 2 сәуірде белгілі болды. Алайда 2 компания наразылық білдірген соң, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 күн ішінде арыздар заң тұрғысында қарастырылса, 120 жұмысшы конкурстан ұтып алған компанияға қайта жұмысқа кіреді, - деді қала басшысы. - 2017 жылы «Қала жолдары» ЖШС мен Ақтау қаласының әкімдігімен келісім шарты негізінде көгалдандыру жұмыстарымен айналысқан болатын. Қазіргі уақытта яғни, 2018 жылдан бастап, «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес, бұл жұмыстар конкурс негізінде өткізілуде. «Қала жолдары» ЖШС көгалдандырушыларға қарызды толығымен өтеді, - дейді «Қала жолдары» ЖШС директоры Қайрат Хайрушев. Қала әкімі Ғ.Ниязов көгалдандыру жұмыстарына Ақтауға 2018 жылы 952 миллион 452 мың теңге қаралғанын айтады. Оның ішінде өсіп тұрған жасыл-желектерге 560 миллион, жөндеу жұмыстарына 48 миллион, жаңадан ағаштар егуге 166 миллион теңге қаржы бөлінген. - Бұл қаржы ешқайда кеткен жоқ, орнында тұр, - деп жауап берді қала әкімі Ғ.Ниязов. Ал белсенді блогер Уайс Ерсайынұлы өз жазбасында: «Жергілікті қызметкерлерді ығыстырып, олардың орнына басқа өңірден азғантай жалақыны қанағат ететін аз санды бригада алдыру арқылы пайдакүнемдік мақсат көздеу ме? Әлде бұның астарында басқа да біз білмейтін мысалы, жемқорлық жәйттер бар ма? Осының бәрін тексеруге жауапты қадағалаушы органдар неге үнсіз?» деп жазады. https://www.youtube.com/watch?v=b2ekwtCQ0_4 - Ақтау қаласына – биыл 55 жыл. Осы мерекеге сый ретінде тараздық "Жасұлан флора" қаланы көркейту үшін (көше бойына гүл егуде) жұмылдырып жатыр. Бұған қала әкімшілігі қаржысынан ешқандай ақша бөлінген жоқ. Қала әкімшілігінен бастап «Самал» шағын ауданына дейінгі аралықта теңіз жақ бетінде тегін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Блогерлер заңның шегіне жетпей басқа жақтан жұмысшылар алдырды деп орынсыз уәж айтып отыр. Олар бар жағдайдың анық-қанығын біліп, заңға көз жеткізіп барып, әңгіме қозғағаны дұрыс, - деп қадап айтты Ғ.Ниязов. Қала әкімінің айтуынша, көгалдандыру жұмысы үшін өткен конкурсқа «Қала жолдары» мекемесі де, қала күніне орай жөндеу жұмыстарын тегін жүргізіп жатқан "Жасұлан флора" мекемесі де қатыспаған. Яғни бұл жерде 120 жұмысшының орнына Уайс Ерсайынұлының «басқа өңірден азғантай жалақыны қанағат ететін аз санды бригада алдыруды» дегені қисынға келмейді деген ойын ортаға салды. Қала әкімі былтыр көгалдандырушылармен жеке кездесіп, үнемделген қаражаттан ала алмай жүрген жалақыларын толық аудару туралы шешім шығарғанын еске салды. «Үнемделген қаражаттың көлемі – 78 миллион 241 мың 888 теңге. 10 миллион теңгеге жуығы осы отырған көгалдандырушылардың жалақысына жұмсалды», - дейді ол. https://www.youtube.com/watch?v=PSAG4rI7JoU Бір қызығы, Ғ.Ниязов 2017 жылдың соңында қызметкерлер «Ақтау қалалық әкімшілігіне шағымымыз жоқ» деген мазмұнда өз еріктерімен арыз жазған деген пікір айтса, брифингке қатысқан көгалдандырушылар: «Егер арыз жазбасақ, жалақы төленбейді деп мәжбүрледі» дегенді айтады.
Түйін
Брифингке келген көгалдандырушылардың көбі дерлік - ақжаулықты аналар... Бәрінің тілегі бір. Олардың «жұмысқа қайта кірсем екен, аз ғана нәпақаға қанағат» деген ниеттерін байқау қиын болмады. Қалай десе де, конкурс негізінде арыздар заң жүзінде қарастырылып болса, 120 жұмысшы конкурстан ұтқан компанияға жұмысқа қабылданады деп уәде берді әкім. Әзірге бұл мәселенің қалай шешілері белгісіз.Айгүл ДӘДЕН