©
Ағымдағы жылдың 31 тамызында 2011 жылы 19 тамызда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі аяқталады. Елбасының Жарлығына сәйкес, 2017 жылғы 28 маусымда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Осы орайда, бүгін сайлауға дайындық барысы, жүргізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқалидың қатысуымен брифинг өтті. Брифингке облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары – Даржок Сейбағытов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі – Орысбай Оразов және облыстық сайлау комиссиясының хатшысы – Сайын Сүлейменұлы қатысты. Маңғыстау облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына 5 кандидат тіркелген болатын. Бүгінде олардың екеуі облыс қалалары мен аудандарындағы таңдаушылармен кездесу өткізіп, сайлауалды жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар: Нұғалиева Халила Хабижанқызы – 1957 жылы туған, қазақ, Маңғыстау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Шелпеков Бақтыбай Ақбердіұлы – 1959 жылы туған, қазақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. - ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға республиканың барлық облыстарында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға байланысты біз барлық жұмысты толықтай бітірдік. Сайлауды өткізуге толықтай дайынбыз. Дауыс беру 28 маусым күні сағат 9:00-де Ш.Есенов атындағы КМТжИТ мәжілістер залындағы дауыс беру пунктінде өткізіледі. Біз кандидат ретінде 5 үміткерді тіркегенбіз. Бүгінде соның екеуі қалды. Үш кандидаттың тіркеу туралы шешімдері күшін жойды. Оған себеп: 2 кандидаттың мүлік және табыс деклорациясында көрсеткен мәліметтерінің сәйкессіздігі. Және тағы бір үміткер – Тумышев Нури өз еркімен жазбаша өтініш жасап, бас тартуына байланысты алынып тасталды. Үміткерлер сайлауға 2 күн қалғанға дейін өз өтініштерін қайтарып алуға құқылы. Ал қалған 2 кандидатты сайлау бюллетендерінің ішіне қостық, бюллетендер дайын. Облыстық сайлау комиссиясында кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат ережелерін бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жергілікті таңдаушылар тізімінде депутаттарды жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайын таңдайтын барлық деңгейдегі 114 мәслихаттар депутаты көрсетілген. 5 халықаралық байқаушы сайлауға байқау жүргізетін болады. Олар РФ-ның Татарстан Республикасынан және Ставрополь өлкесінен келетін ТМД байқаушылар Миссиясының өкілдері. Сайлауға толық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында біз ТЖ департаментінің, жергілікті полицияның, облыстық телекоммуникациялар дирекциясының, «АУЭС» МКК-нің басшыларымен кездесу өткіздік, - дейді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали. Облыстық сайлау комиссиясы сайлауды өткізуге сақадай-сай, алдағы 5 күн ішінде дайындықтарымызды одан да пысықтай түсеміз деп отыр. Айта кетейік, 28 маусымда республиканың 16 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайланбақ. Кандидаттар 28 мамырға дейін ұсынылып, 7 маусымға дейін кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілді. Ал 8 маусымнан басталған сайлауалды үгіт-насихат 26 маусым күнгі сағат 24:00-ге дейін жалғасады. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА