Ерліктің қуаты елдікте, елдіктің қуаты бірлікте!
[ 2017 ] 4 мамыр, 16:54 | Жаңалықтар
Қазақ халқы қашан да бауырмалдылық пен қонақжайлықтан алдына жан салмайтын берекешіл ел. Елімізден пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекетке айналды. Бүгінде елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамына айналған.
1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі Қарақия ауданында кең көлемде, сән- салтанатпен тойлады.Аудан жұртшылығы ертемен орталық алаңға жиналып, бірлік мерекесін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Түрлі бильбордтар мен баннерлер ілініп, гүл, шар, жалаушалар мерекенің салтанатын жарастырды. Аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат қызметкерлерінен бастап барлық мекемелер мен кәсіпорындар салтанатты шеруге шықты. Әр мекеме әр түрлі ұлттың киімін киіп, қолдарынан келгенінше, сол ұлттың болмысы мен ерекшелігін, өнері мен мәдениетін көрсетіп, ұлттық тағамдарынан көрме жайды. Елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатырған түрлі этнос өкілдерінің бейнесін сомдаған мекеме қызметкерлерінің салтанатты шеруі орталық алаңнан жүріп өткен кезінде, жүргізуші сол ұжымның атауы, құрамы, басшысы, еңбек озаттары мен жетістіктеріне тоқталып, таныстырып тұрды. Қаз-қатар сап түзеген шеруші топтардың сәні салтанатына жарасқан: сыр сымбатына қарасаңыз, Сырлыбайдың Жайыққа беттеген көшіндей, ал, Мемлекеттік туымызды көтерген салт атты жастарымыз – Бекежан мен Төлегеннің желбіретіп барып, желкілдетіп қайтатын жеңісті туындай әсерлі болды.Бұл мерекеге ауданымыздың еңкейген кәрісінен еңбектеген жасына дейін жиналғандай. Ауданның ардагерлерімен басталған шеру барлық мекемені қамтып, балабақшалар мен бөбекжайлар ұжымымен аяқталды. Ал, спорт мектебінің жүлдегер оқушылары түрлі жаттығулар көрсетіп, салауатты өмір салтын үлгі етсе, аудандық мәдениет үйінің ұжымын Қыдыр ата мен Жер Ана бастап келді. Мектептер мен балабақшалар, кәсіптік колледж ұжымдары ерекше көңілді көрінсе, аудандық аурухана мен емхана ұжымының шеруін мерекеге сай безендірген «Жедел жәрдем» автокөлігі бастап, ақ халатты абзал жандар қостады. Жиналған көпшілік пен салтанатты шеру тартқандардың алдында аудан әкімі Ә.Дауылбаев тойшы қауымды бірлік пен ынтымақтың бірегей мерекесімен құттықтап, елдігіміздің тірегі – бірлігіміз екеніне тоқталып, осындай бірлік пен берекенің арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді атады.
Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі екендігін айтқан аудан басшысынан кейін, кезек аудандық мәдениет үйі мен өнер мектебінің бірлескен концерттік бағдарламасына берілді. Ал, ауданымыздың ардақты ардагерлері мен аудан, ауыл басшылығы бастаған топ әр ұлттардың өнер мәдениетімен, түрлі ұлттық тағамдар жәрмеңкесімен танысты. Ауданға қарасты мектептер мен балабақшалар, денсаулық қорғау саласының ұжымдары бастаған бір топ мекеменің қызметкерлері, әр ұлттың атынан әзірлеген тағамдарын жиналған көпшілікке ұсынып, сол ұлттың өнерін көрсетті. Әсіресе, түркімен, өзбек ұлттарының тілінде ән айтылып, би билегендері, айтпаса да түсінікті болар. Атам заманнан төскейде малы, төсекте басы қосылған түркімен халқымен бірге өсіп, біте қайнасқан халық үшін бұл маңғыстау – достық мекеніне айналған. Сондай-ақ, корей, түрік, әзірбайжан, дуңған, хакас, орыс, украин, татар сияқты көптеген ұлттардың киімін киген қазекем, бірлігіміз жарасқан елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатырған әр ұлтты бауырларымыздың да салт-санасы мен әдет-ғұрпына бір сәт те болса мән беріп, достық пейіл танытты. Жақында ғана 1 наурыз – алғыс айту күнінде қонақжай да бауырмал қазақ халқына деген жүрекжарды лебіздері мен ризашылықтарын білдірген түрлі ұлт пен ұлысқа бұл мереке – сыйға сый, сыраға бал болғандай. Иә, сый демекші, бір шаңырақ астында тұрғасын, ұлты мен нәсіліне қарамай, бір-бірін сыйлап өткенге не жетсін! Береке мен бірлігі жарасқан жерге бақыт та тұрақтайды ғой. Осы сыйымыз бұзылмай, береке мен бірлігіміз артып, тәуелсіз Қазақстанымыз одан әрі өркендеп, дами берсін!
Бір шаңырақтың астындағы көпұлтты халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулығы әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!-дескен қауым мерекелік қуанышпен, ерекше шабытпен тарқасты.
Ерлігіміздің қуаты - елдікте болса, елдігіміздің қуаты – бірлігімізді жоғалтпайық!
Шынар КЕНДІН
997
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.