Бағдарламашылар сертификат алды
[ 2017 ] 4 мамыр, 16:44 | Жаңалықтар
Екі жылдан бері өңірімізде табысты жүзеге асырылып келе жатқан өңірлік «Жаңа Серпін» бағдарламасы еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты жұмыспен қамтуды жақсарту мақсатында жасақталған. Осы орайда жұмыстың жанды жүруі үшін «Жаңа серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, көптеген азаматтар біліктілігін жетілдіріп, жұмысқа орналастырылуда.
Таяуда орталықта жаңа мамандық меңгергендерге сертификат табыстауға арналған тағы бір жағымды шара болды. Оны құттықтау сөзбен ашқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Венера Елемесова бұл жолы Бейнеу ауданынан алты, Қарақия ауданынан бес, Жаңаөзен қаласынан жеті және Ақтау қаласынан екі азаматтың маманданғанын айтты.
Басқосуда «Веб-сайттарды жасақтау» мамандандырылған курсы бойынша оқыған осы жиырма қыз-жігіттерге сертификаттар тапсырылды. Жаңа мамандық алып, жұмысқа кіріскелі тұрған бағдарламашы жігіттер өздеріне осындай мүмкіндік беріп, жағдай жасаған мемлекет қамқорлығына, Елбасымыздың сындарлы саясатын жүзеге асырып жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ олар бұл мамандықтың сұранысқа ие және өмір бойы талмай ізденіп, даму көшінен қалып қоймауды талап ететінін айтып, біліктілігін одан әрі жетілдіре беретіндерін жеткізді.
Бағдарламашы сертификатын алған жігіттер арасындағы жалғыз келіншек—ақтаулық Жанна Бакутова.
- Мен осы маманық бойынша Ақтөбе қаласында оқығанмын, бірақ оқуымды бітірген соң ұзамай тұрмысқа шықтым да, кейін балалы болып, жұмысқа орналасуды ойламаған екенмін. Осыдан екі-үш ай бұрын қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс сұрап келгенімде, мұндағылар маған осы екі айлық курста оқып, білімімді жетілдіруді ұсынған. Қуана келісе кеттім. Уақытым босқа өткен жоқ, ұмытқандарымды жадыма түсіріп, көп жаңалықтар үйреніп, жаңарып қалдым. Енді жұмыс мәселесі шешілетін шығар деген үміттемін,-деді ол.
Жастар сұраныс бойынша оқытылғандықтан олардың барлығы жұмысқа орналасуы тиіс. Қазірдің өзінде алты жігіт кәсіпкерлер палатасында жұмысқа орналаспақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
912
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.