©
Облыс орталығындағы балалар ауылының мәжіліс залында отанды сүю және ерлік ұғымдарын жастар арасында насихаттау мақсатында Ауған соғысының ардагерлерімен кездесуге арналған «Ерлік тағлымы» атты шара өтті. Оны балалар ауылының директоры, Ауған соғысының ардагері Мәди Ташов, білім басқармасы арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Аманғалиқызы алдағы мерекемен құттықтау сөзімен ашып, бейбіт өмір мен соғыстың айырмашылығы, тыныштықтың артықшылығы жайында айтты. Соғыс–зұлымдық жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі–Ауған соғысы. Ауған соғысы 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған-ды. Соңы аяқталмас соғысқа ұласқан бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес оған сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды. Статистикаға сүйенсек, 10 жылға созылған ауған соғысында КСРО бойынша қайтып оралмаған жалпы адам шығыны–14453-ке жетті. Ал Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 924-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. 1000 жауынгерден астам өз жеріне оралып, алған түрлі дене жарақаттарының кесірінен ауырып, қайтыс болды. Кездесуге жиналғандар сол соғыстан оралмаған жауынгерлерді орындарынан тұрып, бір минут еске алды. Балалармен жүздесуге келген Ауған соғысының ардагерлері естеліктер айтып, еліміздегі бейбітшіліктің мәңгілік сақталуын тілеген лебіздерін жеткізді. Балалар ауылының тәрбиеленушілері бейбіт өмірді, батырлық пен патриоттықты дәріптеген өлеңдер оқып, ән шырқап, өз өнерлерін сыйға тартты.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА